ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Сауд Арабиясында кинотеатрлар қайта ашылады

    Сейсенбі, 12 Желтоқсан 2017 14:33

Сауд Арабиясында 35 жылдық үзілістен кейін кинотеатрлар қайта ашылады.

Олар келер жылдың наурызында жұмысын бастайды. Ал 2030 жылға дейін тұрғындарға 300-ден астам кинотеатр қызмет көрсетуі тиіс. Бұл 30 мың жаңа жұмыс орнын ашып,  жалпы ішкі өнімге 24 млрд доллар көлемінде үлес қоспақ. Шара мұрагер ханзада Мұхаммед бин Салман әл Саудтың әлеуметтік реформалары аясында қабылданып отыр.

Ыстамбұлда Ислам ынтымақтастық ұйымының кезектен тыс саммиті өтеді

    Сейсенбі, 12 Желтоқсан 2017 13:52

Ертең Ыстамбұл қаласында Ислам ынтымақтастық ұйымының кезектен тыс саммиті өтеді.

Басқосуға осы халықаралық ұйымға төрағалық етіп отырған түрік елі бастамашы болды. Алқалы жиында Иерусалим мәртебесі талқыға түседі деп жоспарланып отыр. АҚШ президентінің Таяу Шығыс аймағындағы сыртқы саясатын сын садағына алған түрік елінің мемлекет басшысы түйткілдің түйінін тарқатуда алдағы саммит шешуші рөл ойнайтынына сенім білдірді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының президенті:

- АҚШ Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындауы арқылы аймақтағы қантөгіске себепші болып отыр. Біз бұл шешімді мойындамаймыз және ешқашан қабылдамаймыз. Сәрсенбі күні Ыстамбұлда өтетін Ислам ынтымақтастық ұйымының кезектен тыс саммиті бұл мәселеде маңызды шешім қабылдайтынына сенемін.

Парижде климат жөніндегі дүниежүзілік саммит басталады

    Сейсенбі, 12 Желтоқсан 2017 12:19

Бүгін Парижде климат жөніндегі дүниежүзілік саммит басталады.

Жиынға қатысушылар Париж келісімінің орындалу барысы мен даму келешегін талқылайды. Конференцияда БҰҰ мен Дүниежүзілік банк өкілдері, сондай-ақ мемлекет басшылары бас қосады.

Халықаралық кездесуді өткізу бастамасын Франция президенті Эмманюэль Макрон АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемесінен кейін көтерген. Маусым айында Ақ үй басшысы: «Париж келісімі АҚШ-қа тиімсіз», – деп, одан бас тартатынын жария еткен еді.

Арнольд Шварценеггер, Калифорния штатының бұрынғы губернаторы:

- Париж келісімінен Дональд Трамптың бас тартқаны маңызды емес. Себебі қоғамдық сектор секілді жекеменшік сектор да одан шыққан жоқ. Университеттер мен ғалымдар, инженерлер келісімнен шықпады. Тек Дональд Трамп қана бас тартты. Сондықтан алаңдаудың еш қажеті жоқ.

Нью-Йорктегі терактіге қатысы бар күдіктінің лаңкестік топпен байланысы болуы мүмкін

    Сейсенбі, 12 Желтоқсан 2017 09:34

Нью-Йорктегі лаңкестік әрекеттен АҚШ конгресі көші-қон реформасын енгізуі қажет.

Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс мәлімдеді.

Дүйсенбі күні Нью-Йорктің 42 және 8-інші көшелердің қиылысында жарылыс болды. Оқиғадан кейін қала полициясы бір адамды қамауға алды. Күдікті – Бангладеш тумасы Акайед Улла.

Жарылғыш зат уақытынан бұрын іске қосылған. Салдарынан күдіктімен қатар 3 адам жарақат алды. Соңғы ақпаратқа сәйкес, оның «Ирак және Левант» лаңкестік тобымен байланысы бар.