ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Сауд Арабиясы жемқорлықпен күресті барынша қатаңдатады

    Бейсенбі, 14 Желтоқсан 2017 13:31

Бұл туралы ел королі Салман бен Әбдел Әзиз мәлімдеді.

Ол жекеменшік секторға жоғары баға беріп, экономиканың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Бұған дейін Сауд Арабиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеті 11 ханзада мен бірнеше шенеунікті қамауға алған еді.

Салман бен Әбдел Әзиз, Сауд Арабиясының королі:

- Жемқорлық – тез таралатын қауіпті індет. Ол елдің болашағына балта шауып, дамуын тежейді. Сондықтан онымен әділ әрі қатаң күресуге бел байладық. Сонда ғана еліміз қарапайым халық қалағандай дамудың даңғыл жолына түседі.

Брюссельде Еуроодақ елдерінің саммиті басталады

    Бейсенбі, 14 Желтоқсан 2017 13:09

Екі күнге жалғасатын басқосуда қорғаныс, сауда және көші-қон  мәселесі қаралады.

Кездесуде Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуы мен Корей Халық Демократиялық Республикасы төңірегіндегі жағдай сөз болмақ. Сондай-ақ күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың бірі – Ұлыбританияның Одақтан шығу үдерісі. Жиын басында Еуропалық кеңес мүшелері Еуропарламент төрағасы Антонио Таяни және НАТО бас хатшысы Йенс Столтенбергпен кездеседі деп жоспарланған.

Дональд Трамп: АҚШ «жаңа экономикалық ғажайып» қарсаңында тұр

    Бейсенбі, 14 Желтоқсан 2017 12:38

«Америка Құрама Штаттары жаңа экономикалық ғажайып» қарсаңында тұр.

АҚШ президенті Дональд Трамп осындай мәлімдеме  жасады. Ақ үй басшысы өз сөзінде ел экономикасы 3 пайызға өскенін атап өтті. Осы күндері ел конгресінде салық реформасы  қызу талқылануда. Заң жобасы қабылданса, салық мөлшері 35 пайыздан 20 пайызға дейін азайтылады. Бұған дейін АҚШ-тың  Федералдық резервтік жүйесі еңбек нарығы мен инфляция жағдайларын бағамдай отырып, пайыздық ставканы 1,25-тен 1 жарым  пайызға көтерген болатын.

Израиль Газа секторымен арадағы барлық шекара бекеттерін жапты

    Бейсенбі, 14 Желтоқсан 2017 11:02

Израиль  Газа секторымен арадағы барлық шекара бекеттерін жапты.

Бұл тыйым қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз. Аймақтағы ахуал АҚШ президенті Дональд Трамптың Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындағанынан кейін қайта ушығып, әуе соққылары жиіледі. Израильдің күштік құрылым өкілдері Газа секторының солтүстігіндегі ХАМАС қозғалысының әскери бекеттерін атқылады. Айтуларынша, Газа секторынан зымыран атылған.