Қызылорда облысында балық өнімдерінің экспорты артты

Қызылорда облысында балық өнімдерінің экспорты артты

Сыр өңірінде соңғы жылдары балық аулау мен өңдеу көлемі артып келеді.

Мәселен, өткен жылы аймақта 7 600 тонна су маржаны сүзілген. Ал экспортқа 3 400 тонна балық өнімі шығарылып отыр. Бұған дейін Еуропа нарығын еңсерген кәсіпорындар жуырда алғаш рет Қытайға өнім саудалай бастады.

Бұл – Еуропаға балық өнімдерін экспорттайтын Сыр өңіріндегі 3 зауыттың бірі. Мұнда тәулігіне бір жарымнан 5 тоннаға дейін су маржаны өңделеді. Кәсіпорын өнімі биыл алғаш рет Қытайға экспортталды.

Ғазиза Құлнияз, технолог:

- Бізде осы жерде Арал ауданына қарасты Бөген елді мекенінде үлкен сервистік дайындау орталығымыз бар. Тастүбек, Үшшоқы деген учаскелерде балық ауланып, жылына маусымдық және тұрақты жұмыспен қамтылған бірнеше бөлімшеміз бар.

Заманауи қондырғылардың көмегімен бар-жоғы 2 минуттың ішінде 20 келі балықты тазалауға болады. Одан кейін бірнеше сатылы өңдеуден өтеді.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Бұл көксерке балығы – Арал теңізіндегі ең құнды су маржандарының бірі. Әсіресе Еуропада ерекше сұранысқа ие. Өйткені бұл балықтың құрамы қажетті дәрумендерге өте бай және сүбе еті бөлек кесіліп алынып, мынадай күйде шетелге экспортталады. Ал қалған бөлігі дәл осы жерде қалдықсыз өңделеді. Мәселен, мына бет еті мен төстігі дүкендерге саудаға шығарылса, қалған бөлігін фаршқа айналдырып, сүйегін ұн ретінде тартады екен.

Жалпы Арал маңында осындай 8 балық өңдеу зауыты бар. Олар жылына 11 мың тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы. Балық шаруашылығының қарқынды дамуы аймақтағы балық өнімдерінің экспортын соңғы 3 жылда 2 есеге арттыруға мүмкіндік берген.

Жалғас Ахметов, облыстық табиғи ресурстар басқармасының бөлім басшысы:

- Тек өткен жылдың өзінде 3 400 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылды. Оның 70 пайызы, яғни 2 200 тоннасы Ресей Федерациясына, 900 тоннаның үстінде Еуропа елдеріне, оның ішінде Дания, Нидерланд мемлекеті, Польша мемлекеттеріне шығарылса, балық өнімдерінің 60 тоннадай бірінші рет Қытай мемлекетіне шығарылды.

Өңірде балық қорын сақтау жұмыстары да жүйелі жүруде. Жыл сайын Арал теңізі мен оның маңындағы су айдындарына 15 миллиондай шабақ жіберіледі. Одан бөлек Қызыл кітапқа енген Арал қаязы балығын көбейту қолға алынып отыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов