×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 143

Экономика

ЕАЭО-ға мүше елдер ГМО өнімдеріне талапты күшейтпек

ЕАЭО-ға мүше елдер ГМО өнімдеріне талапты күшейтпек

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер құрамында гендік модификацияланған организмдер бар өнімдерге талапты күшейтпек.

Енді ГМО көлемі қалыпты 0,9%-дан асып кеткен өнімнің қорабында «ГМО» таңбасы үлкен әріптермен жазылады. Бұрын мұндай жазу ұсақ әріппен берілетін.

Еуразия экономикалық комиссияның баспасөз қызметі осылай хабарлады. 5 елге ортақ ереже осы жылдың соңында күшіне енеді. Ал әлемдік ғылыми қауымдастық әлі күнге гендік түрленген өнімдердің пайдасы мен зияны туралы біржақты шешім шығара алмай отыр.

Гендік модификация: «иә» немесе «жоқ». Әлем қақ жарылып тұр. «ГМО мәдениеттің» бастауы сонау 80-жылдары десек те, әлемдік ғылыми қауымдастық әлі күнге ортақ тұжырымға келген жоқ. Бірі – бұл адамзатты аштықтан аман алып қалудың жолы десе, енді бірі керісінше, ГМО адамзатқа жасалған қастандық деп есептейді.

Гендік модификацияланған өнімді бір кісідей зерттеп келе жатқан академик Төрегелді Шарманов ГМО-ны қолдайды. Мұндай өнімдер рак ауруын тудырады, ағзаны улайды дегенмен де келіспейді қарт ғалым. Себебі адамның гені тамақтан бұзыла салатындай әлсіз емес.

Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының президенті:

– Ағза ерекше құрылған 4 кезеңнен тұрады. Оның біреуінен өтсе, екіншісінен өте алмайды. Сондықтан қауіп жоқ. Сондықтан одан қорқуға да болмайды. Одан қауіптеніп, біз осындай болып қалдық деген бұл ғылымға сәйкес келмейтін қате ұғым.

Қазір әр елде ГМО қоспасын тағамда пайдаланудың өзіндік деңгейлері бар. Мысалы, Жапонияда –ол 5%, кейбір Еуропа елдерінде – 0,9%, АҚШ-та – 10% ГМО қоспасын пайдалануға рұқсат етілген. Қазақстанда ГМО мөлшері 0,9% деп бекітілді. Былтыр мамандар 1918 азық-түлік өнімін тексерсе, соның 11-інен ГМО табылған.

Дана Қасқатаева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас сарапшысы:

– Мынау өнім ғой, сыртында ГМО бар ма, жоқ па жазылып тұрады. Жазылғаны шын ба деп, қараймыз да тексереміз. Мониторинг шеңберінде жалпы 20 тоннадан астам сәйкес келмейтін өнімдер, оның ішінде ГМО-сы бар өнімдер алынып тасталды. 25 млн теңге көлемінде айыппұлдар салынды.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

– Мамандар құрамында ГМО-сы көп тағамдардың тізімін анықтады. Олардың қатарында таңғы құрғақ астар, тез дайындалатын лапшалар мен жүгері ұны бар. Олардың дені мұхит асып келген. Олардың құрамындағы ГМО-ның көрсеткіші қалыпты 0,9% асып, кейбіреуінікі тіпті 40%-ға дейін жеткен.

Қарсылықтарға қарамастан, соңғы жылдары ГМО мәдениеті кең тарала бастады. Канада әлемде ГМО-рапс өндіруден алда тұр. Ал батыстың кейбір елдері осындай тағамдарды тұтынуға мәжбүр. Себебі органикалық таза тағамдардың бағасын қарапайым халықтың қалтасы көтермейді.

Шынболат Рсалиев, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ бас директорының орынбасары:

– Ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша, мысалы, соя, қант қызылшасы, рапс бойынша әлемде жетекші ГМО егетін елдер бар. Олар Америка, Мексика, Канада. Жылдан жылға оның санын көбейтіп жатыр. Сол деректерге қарап отырмын, ГМО қолдану жылдан жылға етек жайып келеді. Оған біз қарсымыз ба, қарсы емеспіз бе оған қарамайды.

ГМО-ға табанды қарсылық танытып жүрген қазақстандық биолог – Евгений Климов. «Гендік түрленген өнімдер – ұлтты ұрпақсыз қалдыратын үлкен қауіп», – дейді ол.

Евгений Климов, «KazFOAM» органикалық ауыл шаруашылығы қозғалысы федерациясының төрағасы:

– Әлі күнге дейін ғылыми нақтылық жоқ. ГМО-ның қауіпті екенін дәлелдейтін жұмыстар бар, бірақ оны жоққа шығаратын да ғылыми жұмыстар көп. Оның үстіне ГМО өндірушілері ұзақмерзімді зерттеулермен айналыспайды, олар жүргізген зерттеудің ең ұзағы 90 күн ғана. ГМО денсаулыққа қауіпті. Тәжірибеге қатысқан көртышқандардың екінші және үшінші ұрпақтары көбею мүмкіндігінен айырылған. Қалай дегенмен де, әлем қазір органикалық өнімге бәс тігіп отыр. Оның нарығы қазір 90 млрд АҚШ долларына тең.

Бір қызығы, гендік түрленген өнімдерге қарсылық танытушылардың қатары артқан сайын оны жақтаушылардың да саны көбейіп барады. Ал «ауру – астан» деп түсінген қазақ мұндай тағамға бәрібір күмәнмен қарайтыны анық. Оның үстіне қазақтың кең байтақ жері ат төбеліндей аз халықты табиғи таза тағаммен қамтуға қабілетті.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алма Оразбаева, Аманжол Байғазин

Last modified on