ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Қырғызстанның контрабандалы тауары еліміздегі жеңіл өнеркәсіпке кері әсер етіп отыр

Қырғызстанның контрабандалы тауары еліміздегі жеңіл өнеркәсіпке кері әсер етіп отыр

Қытайдан Қырғызстанға тасымалданатын тауар көлемі күрт өскен. Биыл 2015 жылмен салыстырғанда 143 пайызға артыпты. Бұл мәліметті Мемлекеттік кірістер комитеті жариялады. Ал Қытайдан Қазақстанға келетін тауар көлемі азайған. Есесіне көрші елдерден заңсыз жолмен жеткізілетін тауар ауқымы артыпты. Контрабандалық жолмен келетін тауарлар ел экономикасына орасан зор зиян келтірері айтпаса да түсінікті.

Гүлмайра Қуатбайқызы, тілші:

-Расында да Қырғызстаннан келетін контрабанда салдарынан отандық жеңіл өнеркәсіп тұралап тұр. Қазір жергілікті өнім ішкі сұраныстың небәрі 10 пайызын ғана қамтиды. Қалғаны сырттан келеді.

Бүгінде Қазақстан кәсіпорындары төл өнімін Ресей, Беларусь елдеріне экспорттауда. Өйткені онда  бәсеке төмен. Ал ішкі нарықты  жалған бренд жаулады. Кәсіпкерлер жасанды тауардың Қазақстанға Қырғызстаннан әкелінетінін жақсы біледі. 2015 жылы Қырғызстан Кедендік Одаққа кірген кезде Қытайдың «сұр» экспортына  жол ашылды. Оған дейін де Қытай тауарлары ел нарығында саудаланды. Алайда мұндай жөнсіздікке  жол берілген емес. 

Ғазизат Имақова, саятаттанушы: 

- Қырғыз  тарапынан өзінің ғана сауда-саттығын, өзінің ғана айналымын, көлеңкелі болса да, өз айналымына қызмет ету деген амбиция бар. Бұл деген шын мәнінде біздің де сауда-саттығымызға нұқсат келтіріп тұрған мәселе. Өйткені қазір қарайтын болсаңыз, тауар айналымында өте көп сапасыз тауар жүр. Оның бәрі тексеруден өтпеген. Тіпті денсаулыққа нұқсан келтірен тауарлар бар.

Сарапшылардың пікірінше, Қырғызстанның «Дордой» базарында саудаланатын киім-кешектің 80 пайызы – Қытай тауарлары. Олардың дені қырғыз тауар өндірушілерінің жапсырмасымен Қазақстанға, Ресейге және Өзбекстанға қайта экспортталады. Жергілікті кәсіпкерлер «көрші елдерден заңсыз жолмен тасымалданатын тауарларға  тыйым салынса, отандық кәсіпорындардың өрісі кеңейеді» деп сенеді.

Алтын Дәулетбаева, шұлық фабрикасының бас технологы:

-Тек қана Қытайдан келмейді. Көршілес Республикадан Қырғызстан мен Өзбекстаннан келеді. Соларды контрабанда жолыменен, жасырын жолдарменен көп алып келеді. Соның барлығына тиым салынса, біздің Отандық өнімдерімізді көбейтсек базардағы бағада төмендейді. Әрі өнімдеріміз көбейер еді. 

Шұлық фабрикасы жылына 25 миллион түйір тауар өндіруге қауқарлы. Қазірдің өзінде айлық көрсеткіш – 700 жұп. Кәсіпорын жуырда төл өнімін Ресей мен Кореяға жөнелтіпті. Келер жылы Еуропа нарығына шығаруды көздеп отыр. Жалпы, отандық кәсіпкерлер өндіріс орнын сақтап қалу үшін, өнім бағасын түсіруге мәжбүр болды. Бұл өз кезегінде салық түсімдердің төмендеуіне алып келіп отыр. Ал әділ бәсекелестік болған жағдайда отандық кәсіпкерлер нарықтың сұранысын толықтай қамтамасыз ете алатындығына сенімді.