ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы ұлғайып келеді

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы ұлғайып келеді

Өткен жылы Ресей Қазақстанға 1 млрд доллар инвестиция құйған екен.

Біздің ел көрші мемлекеттің экономикасына 700 млн доллар салған. Қазір екі ел аумағында мыңдаған бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін Астана мен Мәскеу өзара сауда-саттықты 40%-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық байланыстың басты стратегиясы – кәсіпкерлерге еркін сауда жасау мүмкінігін туғызу. Ол үшін кедендік процедуралар жеңілдетіліп, тауар бағаcы, тарифтік мәселер төңірегіндегі Еуразиялық экономикалық одақтың сауда қатынастарына қатысты заңнамалары ырықтандырылып жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Стратегическая задача – предоставить предприятиям возможность свободной конкуренции на пространстве ЕАЭС. Этому будет способствовать дальнейшая унификация наших законодательств. В текущем году завершится подготовка нового таможенного кодекса ЕАЭС. Он значительно упростит все таможенные процедуры между нашими странами. В торговле с третьими странами применяются меры нетарифного регулирования. Достигнута договоренность о последовательном создании единого транспортного пространства.

Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара – әлемдегі құрылықпен жүретін ең ұзын шекара. Оның жалпы ұзындығы – 7 591 шақырым. Шекараға жақын аймақтар қос тараптың экономикалық өсіміне зор әсер етіп отыр. Мәселен, Ресейдің 85 федералдық субъектісінің 76-сы Қазақстанмен әріптестік орнатқан. Әсіресе Татарстан, Свердловск, Челябі және Орынбор облыстарымен байланыс жақсы. Аталған әрбір аймақтың Қазақстанмен сауда айналымы 350 млрд теңгеден астам.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сейчас у нас более 6 тысяч совместных предприятий с бизнесменами России. Реализуются многие инвестиционные проекты. Такой проект как «Автоваз» и «Азия авто» стоимостью более половины миллиарда долларов. Он предусматривает запуск полного цикла работы на Усть-Каменогорском заводе. В год там 20 тысяч автомобилей. Это у нас впервые.

Еске салсақ, Өскемен қаласы аумағында қуаттылығы жылына 120 мың бірлікті құрайтын, шанақты дәнекерлеу, бояу, автомобильдердің қосалқы бөлшектерін шығару бойынша кешен 2013 жылы іске қосылған еді. Бастапқыда инфрақұрылымды дамыту және Ресей көліктерін Қазақстанда жасау үшін еліміз 18,5 млрд теңге инвестиция құйды. Осының арқасында өндіріс жанданып, жаңа жұмыс орындары ашылып, елдегі қолжетімді автомобильдер сегменті 89%-ға өсті.

Жыл басынан бері елімізде 101,4 млрд теңгенің автомобилі шығарылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артық. Ресми мәліметке сай, биыл қазақстандықтар жалпы жеңіл көлік сатып алуға 292 млрд теңге жұмсаған.

Жалпы Қазақстан ТМД елдері ішінде сауда-саттық көлемі бойынша Ресей елінің рейтінгісінде үшінші орында орналасқан. Бұл көрсеткішті жақсарту үшін қай бағытта, қай салада жұмысты нығайту жайында былтыр Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Владимир Путин де айтқан еді.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

- Ресей мен Қазақстан өзара сауда-саттықты ырықтандыру мәселесі төңірегінде зор жетістіктерге жетті. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше өзге елдермен бірге сауда тасымалына тосқауыл болып отырған шектеулерді біртіндеп алып тастап жатырмыз. Кедергілер толықтай жойылды деп айта алмаймыз. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс жыл сайын өз нәтижесін беріп, шешімін тауып келеді.

Қазақстан Еуропа мен Азияны біріктіретін көпір іспеттес. Сондықтан көлік-логистика жүйесін дамыту екі ел экономикасына тиімді.

Мәселен, Ұлы Жібек жолын жаңғырту арқылы Қазақстан Батыс Еуропа мен Батыс Қытайды жақындастырды. Аталған жоба шекара бойындағы аймақтарды дамытуға зор ықпалын тигізері анық. Осы орайда еліміз 2020 жылға дейін көлік инфрақұрылымын дамытуға 12 трлн теңге бөледі.

Ынтымақтастық жобасының тағы бір бетке ұстары – Ляньюнган теңіз портымен логистикалық байланыс. Қазақстан Ресеймен бірлесіп бұл тараптағы жұмысты да нығайтты. Нәтижесінде 2020 жылға дейін Қытайдан Қазақстанға, кейін Ресей арқылы Еуропаға контейнерлер тасымалын 2 млн 200 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Дмитрий Журавлёв, Аймақтық мәселелер институтының бас директоры:

- Соңғы үш форум мүдделес екі елдің өмірін қамтумен қатар, ғаламдық тәртіпке байланысты мәселелерге де арналды. Өткен жолғы шара көлік-логистика бағытында өрбіді. Себебі Қазақстан мен Ресей Жібек жолы жобасына белсенді түрде қатысуды көздейтіні баршаға аян. Ал биылғы форум бұдан да күрделі міндет жүктеп отыр. Өйткені қазіргі таңда экономика шынымен де білім экономикасына айналған. Қарапайым мысал, экономикаға жұмсалатын шығынның бестен төрт бөлігі ғылыми-техникалық зерттеулерге кетсе, өндірістің өзіне тек бір бөлігі ғана жұмсалады екен.

Тауар айналымы қарқыны осылайша ұлғайтылып келеді.

Жалпы Қазақстаннан Ресейге экспортталатын топ-5 өнімге тоқталсақ. Бірінші орында – металпрокат. Өзімізде өндірілген өнімнің 71%-ы осы көрші елге жөнелтіледі. Кейін органикалық емес химия, кен және темір концентраты, көмір мен алюминий тотығынан құралған қатты минералдар. Ал көрші елден Қазақстанға жанармай импорты биыл 88%-ға өскен. Жіберілетін табиғи газ көлемі 8%-ға ұлғайды.

Мәселен, өткен жылы көршілес ел біздің экономикаға 1 млрд доллар құйған, ал Қазақстан Ресей экономикасына 700 млн доллар кіріс әкелген.

Екі ел экономистері: «Биыл жыл соңына дейін Қазақстан мен Ресейдің тауар айналымы 35-40%-ға ұлғаяды», – деп болжап отыр. Яғни екіжақты пайда едәуір өседі деген сөз.

Авторы: Жұрағат Баман