ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Елімізде сауда айналымы 26% артқан

Елімізде сауда айналымы 26% артқан

2017 жылдың 9 айда өңделген тауарлар экспорты 22%-ға өсіп, 11 млрд долларды еңсерді.

Ал жалпы сауда айналымы 26%-ға артқан. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында мəлім болды. Жалпы Қазақстан  экспорттаушы елдердің арасында 52-орынға ие. Шетелге жөнетілетін тауарлар тізімі қандай өніммен толықты? Қазақстан  əлемнің қанша елін, қандай тауар түрімен қамтып отыр?

Уран, мыс, титан, фосфор, ұн, бидай экспорты бойынша Қазақстан көшбасшы саналады. Бүгінде еліміз əлемнің 113 елін 800-ден астам тауар түрімен қамтып отыр. Тек өңделген тауардың экспорты 2012 жылмен салыстырғанда 7%-ға өсіп, 32%-ға жеткен.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

- 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, өңделген тауарлар экспорты 22%-ға артып, 11,1 млрд АҚШ долларын құрады. Соңғы 5 жылда экспорттың сапалық құрылымы едәуір жақсарды. Шетелдерге жеткізілетін өнімнің үштен бірі экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі.

Бүгінгі таңда Қазақстан электровоздары мен тепловоздарды Түрікменстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Украина елдеріне экспортталса, елімізде жиналған автокөліктер Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытайға жөнелтілуде. Жолаушылар вагондары мен рельстерді экспорттау бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы өнімдері үшін де жаңа нарықтар есігін айқара ашты.

Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

- Биыл Ұлыбританияға алғашқы рет арпа экспортталды. Иран мен Моңғолияға сұлыны жеткізу қайта жаңартылды. Ал күріш, қарақұмық, жарма, майлы дақылдар, жемістер, бақша дақылдары, қарбыз, кептірілген бұршақ дақылдары мен көкөністер экспорты ТМД, Еуропа, Таяу Шығыс және Қытай елдеріне 2 есе артты.

Еліміздің Экономика министрлігі 47 сала бойынша сараптама жүргізген. Нәтижесінде тек 8 бағыттың өнімін шетелге шығаруға ынталы екендігін анықтаған. Басты себеп – бәсекеге қабілеттіліктің төмендігі. «Бұл ретте ауқымды жұмыстар қолға алынды», – дейді министр.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін шығындарды азайту есебінен көтеруді ойлап отырмыз. Бірінші кезекте транспорттық шығын төмендетілуі шарт. Осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы бизнес ортаны дамытып, экспортты ұлғайту үшін 113 заң мен 12 кодекске 1100 өзгерту мен толықтырулар енгізіледі.

Көп жағдайда кәсіпкерлер өнімін қалай, қайда экспорттауға болатындығынан хабарсыз. Әрі бұл ретте 74 түрлі кедергіге тап болатын көрінеді.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы:

- 74 түрлі кедергі анықталды. Біріншіден, кәсіпкерлердің порттарға қолжетімділігі шектеулі. Сонымен қатар ветеринарлық, фитосанитарлық сертификаттарды алып, тауарларды рәсімдеуге ұзақ уақыт кетеді. Осы ретте кәсіпкерлерге жеңілдіктер жасалғаны жөн.

Бүгінгі күні еліміздің ішкі жалпы өнімінің 0,2-0,3%-ы ғана экспортты қолдауға бағытталады. Кейбір елдерде бұл көрсеткіш 5% шамасында. Соған қарамастан Қазақстан экспорттаушы елдердің арасында 52-орынға ие. Жалпы сауда айналымы 9 айда 26%-ға артып, 55,4 млрд доллар болды. Игі бастамалар жүзеге асса, көрсеткіш еселене түспек.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Азамат Сәметов