ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Елімізде тікелей инвестициялар қоры құрылды

Елімізде тікелей инвестициялар қоры құрылды

Қазына Капитал Менеджмент пен Қазақстан Даму Банкі тікелей инвестициялар қорын құрды.

Бұл – Қазақстан нарығы үшін жаңа бастама. Қос институттың күш біріктірудегі басты мақсаты не? Капиталы қанша? Қандай өндіріс орындары мен компаниялар қордың қолдауына үміт арта алады?

Жаңадан құрылған тікелей инвестициялар қорының 97%-ы Қазақстан Даму Банкіне, ал қалған 3%-ы Қазына Капитал Менеджментке тиесілі. Бастапқы капиталы – 33,5 млрд теңге. Қор экономиканың барлық саласын қаржыландырумен қатар, капиталын басқаруға атсалысады.

Асқар Достияров, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ төрағасы:

- Бұл шын мәнінде Қазақстан нарығы үшін жаңалық болғанымен, әлемде үлкен сұранысқа ие. Біріншіден, тікелей инвестициялар қоры кәсіпорынның капиталына еніп, ұзақмерзімді инвестициямен қамтиды. Осылайша, қарыздарын төмендетіп, өндіріс орнының дамуын қамтамасыз етеді.

Болат Жәмішев, «Қазақстан Даму Банкі» АҚ төрағасы:

- Банк тек ақша берумен шектелмейді. Кәсіпорынның корпоративтік басқару жүйесін дамытуға атсалысады. Сондықтан Қазақстан Даму Банкі Қазына Капитал Менеджментпен бірлесіп қор құрды. Ол өз кезегінде капиталды басқару арқылы тәуекелдердің алдын алады.

Бүгін алғашқы келісімшарт та жасалды. Тікелей инвестициялар қоры «АтырауНефтеМаш» ЖШС-не бір млрд теңге көлемінде несие бермек.

Сағат Түгелбаев, «АтырауНефтеМаш» ЖШС акционері:

- Бұл – тек қана құрылысқа, дамуға, модернизация жасауға берілген қаржы. Бізге өте жақсы болып отыр.

Өндіріс орны немесе компания капиталы жеткіліксіз болған жағдайда банктен несие ала алмайтындығы белгілі. Қор мұндай кәсіпорындарға 1-10 млрд теңге көлемінде инвестиция бөлуді көздеп отыр. Қаржылай қолдау мерзімі – орташа есеппен 3-7 жыл.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Марат Таубаев