22:15 Әрі қарай эфирде: «Черный список» телесериал
×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 143
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Елімізде мұғалімдердің жалақысы 30-50%-ға өседі

    Дүйсенбі, 15 Қаңтар 2018 22:38

Осы қаңтардан бастап 15 жылдық еңбек өтілі бар I санаттағы қала мұғалімдердің жалақысы 24 мыңға, ауыл ұстаздарының табысы 25 860 теңгеге артады.

Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова хабарлады. Ал 25 жыл еңбек еткен жоғары санатты ұстаздардың айлық табысы 49 мыңға көтеріледі. Олардың қазіргі жалақысы – 83 мың теңге. Табыстың ұлғаюы білім берудің жаңартылған мазмұнға көшу деңгейімен тікелей байланысты болмақ.

Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

– 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен 1, 2, 5 және 7-сынып ұстаздарының лауазымдық жалақысы 30 пайызға көбейеді. Ал қыркүйек айынан 3, 6 және 8-сынып мұғалімдерінің жалақысы өседі. 2019 жылдың қыркүйегінде 4, 9 және 10-сынып ұстаздарының, 2020 жылы 11-сынып мұғалімдерінің еңбекақысы 30 пайызға көтеріледі.

Сонымен қатар биыл мұғалімдердің біліктілік деңгейін анықтау арқылы қосымша ақы тағайындайтын жаңа жүйе енгізіледі. Ұлттық біліктілік тестін сәтті тапсырған педагогтардың жалақысы 50 пайызға дейін көтерілмек.

Шолпан Каринова, ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры:

– Мұғалімдерді аттестациялаудың жаңа үлгісін жасаудың жұмыстары министрлікпен басталды. Жұмыс топтары құрылды. Мұғалімдердің категорияларына байланысты жалақының өсуі бойынша нақты параметрлер жасалатын болады.

ҰБ: Базалық мөлшерлеме 9,75%-ға дейін төмендетілді

    Дүйсенбі, 15 Қаңтар 2018 18:51

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,75%-ға дейін төмендетті.

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды. Бір жыл бұрын базалық мөлшерлеме 12 пайыз еді. Ал жылдық инфляция 2017 жылғы желтоқсанда 7,1% болған. «Бұл біз күткен 7,5-7,7%-дан айтарлықтай төмен», – дейді Ұлттық банк төрағасы. Данияр Ақышев инфляцияның баяулауын жекелеген тауарлар мен қызметтер нарығындағы азық-түлікке жатпайтын тауарлар нарығындағы бағалардың тұрақтануымен байланыстырып отыр. Сосын теңге бағамы тұрақты, сыртқы жағдай да қолайлы. Қазан айының соңынан бері мұнай бағасы тұрақты түрде бір баррель үшін 60 доллардан жоғары саудаланып жатыр. Әрі ОПЕК елдерінің мұнай өндіруді қысқарту туралы уағдаластықты 2018 жылдың соңына дейін ұзартуы қара алтынның арзандамауына негіз болады деген болжам бар. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 5 наурызда жарияланады.

Елімізде АҚШ капиталының қатысуымен 500-ден астам компания жұмыс істеп жатыр

    Дүйсенбі, 15 Қаңтар 2018 16:48

Қазақстанда қазір АҚШ капиталының қатысуымен 500-ден астам компания жұмыс істеп жатыр.

Тізімде Теңіз кен орнын игеріп жатқан Chevron корпорациясы да бар. Әлемдік алпауыт қазір сол Теңіз кен алаңы да өндірісті кеңейтуге кірісті. Жобаға 3 трлн теңге жұмсамақ. Нәтижесінде кеніштен алынатын мұнайдың жылдық көлемі 12 млн тоннаға артып, 37 млн тоннаға жетеді.

Жаңа зауыттың қабырғасы қазір күн санап көтеріліп келеді. Бұл ТМД елдері арасында осы заманғы ең озық технологиямен салынып жатқан мұнай дайындау кешені болмақ. Зауыт жалпы салмағы 53 тонналық дербес модульдерден құралады. Теңіз жобасының кеңеюі тек Атырау облысы ғана емес, жалпы ел экономикасының дамуына тың серпін береді деп күтілуде. Қазір зауыт құрылысында 25 мыңнан астам адам еңбек етіп жатыр.

Хэймиш Полс, ТШО БК Үкіметпен және бұқарамен байланыс жөніндегі бас менеджердің орынбасары (АҚШ):

– Қазірдің өзінде 500-ден астам қазақстандық компаниямен келісімге қол қойылды. Модульдер мен басқа да қондырғыларды дайындауға 1900 компания қатыстырылады. Жоба тек Атырау ғана емес, Ақтау, Алматы Ақтөбе секілді Қазақстанның барлық облыстарын да қамтиды.

Жаңа жобадан кепілді тапсырыс алған отандық кәсіпорындар материалдық базаларын жетілдіріп, мамандар дайындай бастады. Жобадан қазақстандық компаниялар 3 триллион теңгенің тапсырысын алады деп күтілуде.

Самат Аженов, Компанияның құқықтық қамту департаментінің бас менеджері (Қазақстан):

– Мен заңгер ретінде Президент Жолдауындағы басты 9 тапсырмасына назар аудардым. Соның ішінде Заңның үстемдік құруын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемесі бізге ғана емес, шетел инвесторларына да тиімді. Сондай-ақ жас ұрпаққа үш тілді білім беру де болашақ үшін маңызды. Мысалы, біздің компания қызметкерлерінің 50 пайызы – 40 жасқа дейінгілер. Олар үш тілде еркін сөйлейді. Бұл – отандық мамандардың әлемдік еңбек нарығындағы бәсекеге төтеп беруіне бастайтын батыл қадам.

Батыс өңірде кешенді өндіріліп жатқан Қазақстан мұнайын әлемдік нарыққа шығарудың жолдары да айқындала бастады. Өткен жылы Теңіз мұнайын Новороссийск портына жеткізетін Каспий құбыр консорциумы тасымал қуатын арттырды. Айтқандай, бұл да шетел инвестициясының жемісі. Бүгінде елімізде 500-ден астам шетелдік компания жемісті еңбек етіп жатыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев Амантай Мәтенов

Қызылорда облысында балық өнімдерінің экспорты артты

    Жұма, 12 Қаңтар 2018 21:17

Сыр өңірінде соңғы жылдары балық аулау мен өңдеу көлемі артып келеді.

Мәселен, өткен жылы аймақта 7 600 тонна су маржаны сүзілген. Ал экспортқа 3 400 тонна балық өнімі шығарылып отыр. Бұған дейін Еуропа нарығын еңсерген кәсіпорындар жуырда алғаш рет Қытайға өнім саудалай бастады.

Бұл – Еуропаға балық өнімдерін экспорттайтын Сыр өңіріндегі 3 зауыттың бірі. Мұнда тәулігіне бір жарымнан 5 тоннаға дейін су маржаны өңделеді. Кәсіпорын өнімі биыл алғаш рет Қытайға экспортталды.

Ғазиза Құлнияз, технолог:

- Бізде осы жерде Арал ауданына қарасты Бөген елді мекенінде үлкен сервистік дайындау орталығымыз бар. Тастүбек, Үшшоқы деген учаскелерде балық ауланып, жылына маусымдық және тұрақты жұмыспен қамтылған бірнеше бөлімшеміз бар.

Заманауи қондырғылардың көмегімен бар-жоғы 2 минуттың ішінде 20 келі балықты тазалауға болады. Одан кейін бірнеше сатылы өңдеуден өтеді.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Бұл көксерке балығы – Арал теңізіндегі ең құнды су маржандарының бірі. Әсіресе Еуропада ерекше сұранысқа ие. Өйткені бұл балықтың құрамы қажетті дәрумендерге өте бай және сүбе еті бөлек кесіліп алынып, мынадай күйде шетелге экспортталады. Ал қалған бөлігі дәл осы жерде қалдықсыз өңделеді. Мәселен, мына бет еті мен төстігі дүкендерге саудаға шығарылса, қалған бөлігін фаршқа айналдырып, сүйегін ұн ретінде тартады екен.

Жалпы Арал маңында осындай 8 балық өңдеу зауыты бар. Олар жылына 11 мың тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы. Балық шаруашылығының қарқынды дамуы аймақтағы балық өнімдерінің экспортын соңғы 3 жылда 2 есеге арттыруға мүмкіндік берген.

Жалғас Ахметов, облыстық табиғи ресурстар басқармасының бөлім басшысы:

- Тек өткен жылдың өзінде 3 400 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылды. Оның 70 пайызы, яғни 2 200 тоннасы Ресей Федерациясына, 900 тоннаның үстінде Еуропа елдеріне, оның ішінде Дания, Нидерланд мемлекеті, Польша мемлекеттеріне шығарылса, балық өнімдерінің 60 тоннадай бірінші рет Қытай мемлекетіне шығарылды.

Өңірде балық қорын сақтау жұмыстары да жүйелі жүруде. Жыл сайын Арал теңізі мен оның маңындағы су айдындарына 15 миллиондай шабақ жіберіледі. Одан бөлек Қызыл кітапқа енген Арал қаязы балығын көбейту қолға алынып отыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов