Экономика - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК
Сәрсенбі, 11 Қазан 2017 19:17

Еуразиялық одаққа мүше елдердің сауда-саттығын одан әрі дамыту үшін ортақ цифрлық экономикаға көшіп, алыс-берісті жақсарту мақсатында су ресурстарының қауқарын кеңінен пайдалану қажет.

Сочи саммитінде мемлекет басшыларының Одақ нарығын кеңейтіп, экономиканы әртараптандыру жөніндегі ұсыныстары осыған саяды. Қазақстандық сарапшылар мен саясаткерлер де аталған бастамалар жөнінде өз пікірлерін білдірді.

Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен сауда қарым-қатынасын санмен келтірсек, 2016 жылы ол 1 млрд 609 млн долларды құрады. Ортақ нарыққа ең көп экспорт жасаған мемлекеттер тізімінде Ресей бірінші, Белоруссия екінші және Қазақстан үшінші орынға орналасты.

Жұмабек Сарабеков, ҚР Тұңғыш Президент Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

-Еуразиялық экономикалық одақтың ішіндегі өзара тауар айналым 25%-ға өскен. Экспорт та  26%-ға өскен. Яғни ЕАЭО кіретін Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения экономикалары дағдарыстың жағдайына бейімделіп, жаңа бір өсу кезеңіне өтіп отыр.

Сауда-саттықты одан әрі дамыту үшін саммитте Еуразиялық аймақтағы сауда кедергілерін жою мәселесі талқыланды. Әсіресе өзара су ресурстарын пайдалану тақырыбы өзекті. Атап айтсақ, ТМД елдері кәсіпкерлерінің Каспий бойымен жүк тасымалдауға рұқсат алу мүмкіндіктері жеңілдетілмек.

Айжан Мұқышбаева, ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

-Осы елдердің су көздеріне жүк тасымалдаушылардың рұқсат алуын жеңілдету болып табылады. Егер келісімшартқа қол қойылатын болса, онда кәсіпкерлердің әкімшілік шығындары бірнеше есеге азаятын болады.

Жалпы бүгін әлемдік экономика үлкен трансформациялық жағдайда. Қазір қаржы жүйесін цифрландыру ісі әртарапты жүзеге асырылып жатыр. ТМД елдері де осы бағытты таңдаған. АҚШ, Ұлыбритания секілді дамыған мемлекеттермен қатар Еуразиялық аймақ та өзіндік цифрлық бағдарламасын әзірлейді.

Айжан Мұқышбаева, ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

-Елдердің цифрлық дамуында жалпы стандарттарын, заңнамаларын біркелкі ету мәселесі қарастырылатын болады. Яғни соңғы нәтиже биылғы жылдың желтоқсанына дейін елдер өздерінің цифрлық даму бойынша жоспарларының негізгі бағыттарын айқындап, оны Еуразиялық кеңесте ұсынулары керек.

«ТМД елдері экономикасын жаңа жаһандық талаптарға бейімдеу үшін Сочиде жиналған мемлекет басшылары біріншіден Одақ ішіндегі сауда-саттық турасында туындаған кедергілерді жою мәселерін талқылайды», – дейді мамандар.

Санат Көшкімбаев, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:

-Әр елдің өзіндік даму жолы бар. Экономикалық тұрғыдан қарағанда ТМД мемлекеттеріндегі өсім әртүрлі. Десе де бұл Одақ барлық тарапқа бірдей пайдалы екені белгілі. Сондықтан ортақ экономиканы дамытудың жаңа тетіктері қарастырылып жатыр. Бизнеске кедергілерді жою, тасымал мәселелері алдыңғы шепте.

Еуразиялық экономикалық одақтың жиынтық жалпы ішкі өнімі өткен жылмен салыстырғанда биыл жарты жылда 1,8 есеге өскен. Яғни бұл – қатысушы елдердің экономикалық дамуының белгісі, сауда қарым-қатынастарының кеңейіп келе жатқанының нышаны.

Авторы: Жұрағат Баман

Сәрсенбі, 11 Қазан 2017 19:00

Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы тауар айналымы 50%-ға артқан.

Биыл жыл басының өзінде сауда-саттықтың қаржылай көлемі 1 млрд 198 млн АҚШ долларынан асты. Экспорттық өсім 59,2% болса, бізге әкелінетін тауарлар үлесі 51,3%-ға көбейген. Саудаланатын өнімнің 27,1%-ы – минералдар. 17,5%-ды көлік және құрылғылар құрайды. Ауылшаруашылық өнімдері 16%, ал химия өнеркәсібі 12%-дан асады.

Сейсенбі, 10 Қазан 2017 09:32

Шетел инвесторлары Қазақстандағы «Арнайы экономикалық аймақтарда» жаңа жобаларды жүзеге асыруға ниетті.

Ақтауда өткен «Арнайы аймақтардың таныстырылымы» атты халықаралық форумда Еуропа және Араб елдерінің іскерлері елімізде бірқатар кәсіпорын ашатындықтарын мәлімдеді.

Алғаш рет ұйымдастырылған алқалы жиынға 12 елдің инвесторлары қатысты. Оларға арнайы аймақтардың мүмкіндіктері таныстырылды. Бүгінде Қазақстанда 10 экономикалық аймақта 160 инвестициялық жоба сәтті жұмыс істеп тұр. Оның 20%-ы шетелдікі. Онда 11 мыңнан астам адам еңбек етуде. Мәселен, «Оңтүстік» экономикалық аймағы тоқыма өнеркәсібіне, Павлодар мен Атыраудағы аймақтар мұнай-химия және химия саласына, ал Ақтаудағы арнайы аймақ мұнай-газ саласы мен құрылысқа қажетті өнімдер өндіруге маманданған. Түркия, Малайзия, АҚШ сынды елдерден келген меймандар отандық компаниялармен іскерлік қарым-қатынас орнатуға қызығушылық танытты. Мұнай сервис, көлік пен логистика саласында 6 бірдей жобаны жүзеге асыруға келісім жасалды.

Сарин Кристонтон, «Tenaris» компаниясының өкілі /Италия/:

-Біз «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында мұнай және газ өндіруге қажетті құбыр шығаратын кәсіпорынды іске қостық. Жобаға 40 млн доллар қаржы құйылды. Экономикалық аймақтың инвесторларға ұсынатын мүмкіндіктері өте көп. Сондықтан алдағы уақытта тағы да тың жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

Біржан Қанешев, «Kazakh Invest» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

-Экономикалық аймақтардың беріп жатқан жеңілдіктерінің барлығы өте тартымды. Сондықтан көп жоба келіп жатыр. 8 салаға келіп жатыр. Маңғыстау, Атырау өңірлерінің бәрінде үлкен мұнай жобалары іске асырылып жатыр. Соған байланысты жүктерді көтеретін крандар өте үлкен сұраныста. Оны шығаратын Еуропаның үздік компаниялары келіп жатыр. Олар Ақтаудағы Құрық портына қандай қажетті көмек, қандай жұмыстар жүргізу керек, соның барлығын қарастырды.

Қазақстан және әлем жаңалықтары

Календарь

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.