ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК
×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 148

Ақтөбеде газ бағасын өсіруге қатысты қоғамдық тыңдау өтті

    Бейсенбі, 20 Шілде 2017 20:04
«ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы Ақтөбе өңірінде газ бағасын өсіруді өтінді. Бүгін облыс орталығында осы мәселеге байланысты қоғамдық тыңдау өтті. Монополист мекеме тауардың көтерме құны қымбаттағанын алға тартып отыр. 
Мансұр Есқожин, тілші: 

-Жиынға келген депутаттар мен түрлі қоғамдық бірлестік өкілдері көгілдір отын бағасының аяқ астынан көтерілуіне наразылығын бірден танытты. Шикізатты өндіруші: «Ақтөбе облысы үшін мұндай мәселенің туындауы ақылға қонымсыз», – дейді. 

Гүлжан Сағындықова, кәсіпкер:
 -Сіз Ақтөбе облысына қанша газдың қажет екендігін есептеп шығара аласыз. Осыны ескеріп, жылына бір рет қана өзгерту енгізуге болады ғой. Газдың бағасы бір жыл ішінде бірнеше рет қымбаттауы дұрыс емес. 
Мансұр Есқожин, тілші: 
-Расында да жыл басында көгілдір отынды тасымалдау құны 19 пайызға өсті. Бұл жолы да шикізаттың бағасы көтерілген. Осыны ескерген монополист: «Жеке тұтынушылар үшін 13 пайызға көтереміз», – дейді. Яғни текше метрін 8 теңге 40 тиыннан 9 теңге 50 тиынға дейін өсіруді жоспарлаған. 
Наталья Сысоева, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Ақтөбе ОФ директорының кеңесшісі  
-Энергетика министрлігінің шешімімен көтерме бағам 4 721 теңгеден 5 200 теңгеге дейін өсті. Бұл 12 пайыз. Осыған байланысты акционерлік қоғамның орталық аппараты тарифте өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдаған. 
Басқосуды ұйымдастырған табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің облыстық департаменті қоғамдық тыңдау қорытындысын орталық комитетке жолдамақ. Сол жерде көгілдір отынмен қамтамасыз етуші мекеменің ұсынысы мен халықтың ой-пікірі сараланады. 
Нұрлан Болатбаев, табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бөлім басшысы:
-Бұл жоспарлы бағалаудың өсуі осы жылы бірінші тамыздан бастап жоспарланған. Алайда бұл тек жоспарлы тариф екендігін ескерген жөн. Және соңғы әрі нақты нәтиже бойынша жоғарғы тұрған органмен, яғни комитетпен шешім қабылданатын болады.
Бүгінгі таңда Ақтөбе еліміздегі көгілдір отын бағасы ең арзан облыстардың бірі. Бұл шетелдік инвесторларды тартуға салмақты үлес. Егер газ бағамы қымбаттаса, өңірдің экономикалық ахуалына тікелей әсер етпек. Бүгінгі кездесудің өзінде жергілікті тауар өндірушілер газ бағасы өзгерсе, өнімдері де қымбаттайтындығын жасырмай айтты. 
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Khabarnews: Тұрғындардың жаңа үйге қолжетімділігін арттыру үшін 10 млрд теңге бөлінді

    Сәрсенбі, 19 Шілде 2017 22:49

Кешегі Үкімет отырысында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқаны мәлімденіп, кей өңірлерде жоспар асыра орындалып жатқаны айтылған еді.

Банктер ипотека беруді бастап, пайыздық мөлшерлемені төмендету мәселесін қарастырып жатқандықтары да сөз болды.

Осындай шаралар іске асып жатқанда, жалпы баспана бағасының жағдайы қалай? Тұрғын үй нарығында өзгерістер бола ма?

Үкімет отырысында бірінші жарты жылдықта ел экономикасы оң нәтиже көрсеткені айтылды. Әсіресе әлеуметтік сала дамыған. Нақтыласақ, тұрғын үй салу қарқынды. Дәл осы жерде баспана көп салынса, бағасы неге төмендемейді деген сауал туындайды. Сарапшылар бұл сұраққа жауап берді. Айтуларынша, жыл соңына дейін тұрғын үй нарығындағы бағаның төмендеуі әбден мүмкін.

Сарапшылар нарықтағы жаңа және ескі баспананың бағасын зерттеп көрген. Алғашқысында баға аса құбылмапты. Ал ескі тұрғын үйдің бағасы жыл басынан бері, мәселен Астанада шаршы метріне 345 мың теңгеден 315 мың теңгеге дейін түссе, Алматыда шаршы метр бағасы 370 мыңнан 335 мың теңгеге дейін төмендеген. Орташа есеппен шаршы метрлер 30 мың теңгеге арзандаған. «Ескі үйлердің бағасы жыл аяғына дейін тағы 7-9%-ға төмендейді», – дейді сарапшылар.

Бүгінде халықтың басым бөлігі пәтерді жаңа үйден алады екен. Тұрғын үй келісімдерінің 60%-ы осындай. Қазақстандықтардың 52%-ы 2000 жылдардан кейін тұрғызылған үйді қаласа, 27%-ы 1980-1990 жылдары бой көтерген баспанадан пәтер алады екен.

Ипотекаға тоқталсақ. Биыл мамырда несиелер көлемі 13,4%-ға ұлғайды. Тұрғын үй келісімдері 118 млрд теңгеге жасалған. «Бұл – соңғы 5 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш», – дейді мамандар.

Игі нәтиже «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге аса бастауымен байланыстырылады.

Дәл осы бағдарлама аясында тұрғындардың жаңа үйге қолжетімділігін арттыру үшін ипотека пайыздарын төмендету мақсатында Ұлттық қордан 10 млрд теңге бөлінді. Бүгінде елдің 6 өңірінде осындай несиелер беріле бастады. Атап айтсақ, қазір Астана, Алматы, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстары тұрғындарына қолжетімді. Ипотеканы 7 банк береді. Олардың ішіндегі төртеуі биыл 30 млрд теңге болатын 2 мың қарыз беруді болжап отыр.

Айдос Тұңғатарұлы: Алдағы уақытта мұнай бағасы тұрақталады

    Сәрсенбі, 19 Шілде 2017 22:27

Елімізде және әлемде мұнай төңірегінде түрлі пікірлер қалыптасты.

Осы орайда туындаған сауалдарға арнайы сарапшы нақты жауап берді.

-Еліміздегі мұнай бағасы жыл басынан бері 11%-ға өскен екен. Алдағы уақытта өсуі мүмкін бе? Егер өсіп жатса, бұл немен байланысты болмақ?

Айдос Қолдасов, сарапшы:

-Жалпы мұнай бағасы өндірілген мұнай көлемі және саяси өзгерістерге де байланысты. Бұл бағытта қара алтынның бағасын тұрақтандыру үшін ОПЕК бастаған мұнай өндіруді тәулігіне 20 мың баррельге дейін қысқарту келісімін Қазақстан қолдады. Ал жалпы алғанда тренд жақсы, оң өзгерістер күтілуде.

-Қара алтынның әлемдегі бағасына ауыссақ. Соңғы мәліметтер бойынша, мұнайдың WTI және Brent маркалары да біршама жоғарылаған. Мұны халықаралық биржалардан байқадық. Алдағы уақытта мұнай бағасы құбылуы мүмкін бе? Қандай бағаға дейін жетуі мүмкін?

Айдос Қолдасов, сарапшы:

-Жақында Ыстамбұлда 22-ші үлкен Конгресс өтті. Оған 2 мыңнан астам адам, 50 салалық министрліктен мамандар келіп, мұнай-газ саласының проблемаларын талқылады. Brent маркасы 49 доллардан асып, өсім көрсетіп отыр. Дүниежүзілік болжау орталықтарына сәйкес, алдағы уақытта мұнай бағасы тұрақталып, 50 доллардың шамасында өсім көрсету керек. Соңғы ақпарат бойынша АҚШ шикізат қоры 14 млн-ға азайғандығы осыған себеп болып отыр.

-Еліміз жарты жылда 42 млн тоннаға жуық мұнай өндіріп үлгеріпті. Жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш жоспардан асып түсуі мүмкін. 80 млн тонна болады деп болжанған еді. Осы орайда ОПЕК елдеріне қойылған шектеулерге қатысты Қазақстан қандай позицияны ұстанады?

Айдос Қолдасов, сарапшы:

-Жоспар бойынша 81 млн тонна. Бұл – әлемдік дәрежедегі ең үлкен жобалардың бірі. Қашаған жобасының іске қосылуы және Қарашығанақ Теңіз жобаларының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Қашаған жобасының өзі алдағы уақытта 300 мың баррельге жеткізуді көздеп отыр. Бұл 3 жоба еліміздің жалпы ішкі өнімнің 50%-дан астамын құрайды. Сонымен қатар барлық МӨЗ модернизациядан өтіп, алдағы уақытта ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік ашылайын деп отыр.