Хабар телеарнасы

«Хабар» агенттігі қазығұрттық майдангер Әкімбай Жұмабаевты құттықтады

Өңірдегі тілшілеріміз Астанадан жеткен арнайы сыйды Сталинград үшін болған шайқасқа қатысқан қазығұрттық қарт жауынгер а табыстап, ардагердің қуанышына ортақтасып, ақ батасын алып қайтты. 

Әкімбай ата біздің түсіру тобымызды отбасымен құшақ жая қарсы алды. Өсіп-өнген әулет екен. Тоқсанның төріне шыққан қарт жауынгер әлі де тың. Тіпті «Хабар» агенттігінің құттықтау хатын көзілдіріксіз оқып шықты.    

Қария 1942 жылы 19 жасында өз еркімен егін даласынан майданға аттаныпты. Башқұрт елінде дайындықтан өткен жас жауынгер Сталинград қаласын жаудан қорғауға қатысыпты. Онда барлаушылар тобында болған. Талай рет мұз жастанып жүріп, қарулас достарымен бірге жау шебінен маңызды ақпараттар жеткізіп отырған.   

Әкімбай Жұмабаев, Ұлы Отан соғысының ардагері 

-Снаряд бұрқ етіп ана жерге түседі, бұрқ етіп мына жақта жарылады, артымызға да түсіп жатыр. Біздікілер де атып жатыр, неге оған тимейтінін білмеймін. Содан Сталинградқа барғанша біз Волганың суына ағып өлетін шығармыз деп ойладық. Бізде енді өмір болмаса керек дейміз.

Жас барлаушы 43-ші жылы кескілескен ұрыстардың бірінде аяғынан жараланып, елге оралады. Содан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге бар күш-жігерін жұмсады. Қайнаған еңбектің ортасында жүріп, өмірлік жарын тапты. 

Шырайгүл апай екеуі 63 жылдық ғұмырларында бір-біріне сүйеу бола білді. 

4 ұл мен екі қыздан қазір 22 немере, 26 шөбере сүйіп отырған бақытты жандар. 

Шырайкүл Жұмабаева, ардагердің зайыбы

-Жамандық көрген жоқпын, барлық жағдайым жақсы. Қарным ашқан жоқ, киімім жыртылған жоқ. Мына ұл-қыздарымның бәрі азамат. Бәрін үйлендіріп, жайландырдық. Міне немере-шөберелерім отыр алдымда. Осының бәрі шалымның арқасы.

Біз құттықтай барғанымызда, Әкімбай ақсақалдың үйінде қос-қостан қуаныш болып жатыр екен. 

Ардагерге Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік медаль табысталып, Қазығұрт ауданның «Құметті азаматы» деген атақ беріліпті. 

Нұрлан Қадыров, ардагердің немересі

-Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында аталар басымды идім баршаңызға,

Ұлы жеңіс батырларын ұлықтаған ескерткіш тұр қай қалаға барсаңыз да,

Аталарым бейбіт өмір сыйлаған баршамызға

Елдің, ұрпағыңыздың атынан мың рахмет сізге ата! 

 

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов