Елімізде баламасы жоқ оқу орнынан 70 азамат парадқа қатыспақ - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Елімізде баламасы жоқ оқу орнынан 70 азамат парадқа қатыспақ

  • Жұма, 05 Мамыр 2017 21:30

Отан қорғаушы күніне арналған әскери парадқа небәрі екі күн қалды.

Қазір шеру өтетін алаңда соңғы дайындықтар пысықталып жатыр. Мерекелік әскери шеруге еліміздің жетекші әуе-базаларындағы эскадрильялар да қатысады. Осы жолы Талдықорғандағы 21/751 әскери бөлімнің ұшқыштары да өз мүмкіндіктерін паш етеді. «Жетісу барысы» әуе-базасы республиканың әуе қорғанысындағы ең таңдаулысы. Ұшқыштар соңғы үлгідегі жойғыштармен ұшуды еркін меңгерген. Әскери ұшқыш Руслан Смағұловтың көкте самғаған уақытының жалпы жиынтығы – 600 сағат.

Руслан Смағұлов, әскери ұшқыш:

- Аспанда ұшу – керемет сезім. Оның әсерін айтып жеткізу үшін ұшу керек. Өз басым, ұша бергім келеді.

«Байырғы ұшқыштар жастарға ақыл-кеңес беруден жалықпайды», - дейді командирдің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Теміртас Ыбраев. 

Теміртас Ыбраев, командирдің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары:

- Мен өзімді керемет кәсіби маманмын деп есептемеймін. Өйткені кәсіпті жетілдіруде шек болмайды. Үйренген сайын үйренуге ұмтылу керек.

Әуе базасының таңдаулы эскадрильясы топтанып ұшатын көріністі пысықтап жатыр. Экипаж құрамында кілең мықтылар. Ақтаудағы әскери теңіз оқу орталығының әскерилері де шеруге шығады. Елімізде баламасы жоқ оқу орнынан 70 азамат парадқа қатыспақ. Мұнда механик, байланысшы, артиллеристер мен өзге де теңіз саласының мамандары оқып жатыр. Самат Дастан – түрік әскери теңіз училищесінің түлегі. Қызмет өтілін «Өжет» күзет катерінде бастап, кейін іздеу-құтқару және суға сүңгу қызметіне жетекшілік етеді. Қазір әскери теңіз оқу орталығын басқарады.

Самат Дастан, ҚР ӘТК оқу орталығының басшысы:

- Кемелерде неше түрлі өрт жағдайлары шығып қалуы мүмкін. Электр құралдарының жануына немесе теңізде кетіп бара жатқан кезде су құбырларының жарылуына байланысты тәжірибелерін арттыру мақсатында оқу-жаттығу стансасында олардың алдын алу үшін біз тәжірибелік сабақтар береміз.

Жаттығуға дейін дәрігерлік тексерістен өткен теңізшілер арнайы костюммен стансаға кіреді. Кеменің ойылған жерін ағаш тақтамен бітеу екі минуттан аспауы керек. Бұдан соң теңізшілер стансаның жалын шыққан бөлімінде тілсіз жаудың бетін қайтарады.

Айдын Пшаев, «Қазақстан» зымыранды-артиллериялық кемесінің бас старшинасы:

- Әскери теңізші болғандықтан біздің кемеде өрт сөндіру, судан қорғау есептері бар. Олардың кәсіби шеберліктерін арттыру үшін осындай оқу-жаттығу стансасына келіп тәжірибемізді арттырамыз.

Әскери теңіз оқу орталығының аумағында орналасқан кешенде жылына екі жүздей жаттығу шарасы өткізіледі. Келешекте құрлықтағы әскери бөлімдер сарбаздарын да оқыту жоспарда бар. 

Авторы: Индира Жылқайдарова 

 
Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Қазақстан және әлем жаңалықтары

Календарь

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.