Хабар телеарнасы

Ұлы Отан соғысына Түлкібас ауданынан 5 мыңнан астам жауынгер қатысқан

18 жасында майданға аттанып, жаралы сарбаздарға алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Кіші сержант-медбике бүгінде 95 жаста. Ал Александра әжеймен түйедей құрдас Әбдімомын ақсақал жеңісті Польша жерінде қарсы алған. Александра әжей Түлкібаста туып өскен. 1942 жылы 18 жасында соғысқа аттанады. Медициналық училищені енді ғана бітірген жас түлек ұрыс даласына барып, медбике болуды парыз санайды. Курск қаласынан Берлинге дейінгі соғысқа қатысқан. «Ұлы Жеңіс күнін Германияда тойлаған сәт әлі күнге көз алдымда», - дейді кейуана.

Александра Мащенко, Ұлы Отан соғысының ардагері:

- Соғыста жаралы жауынгерлерді талай рет тасыдым. Көбісі өлім аузында жатады. Көмек сұрайды. Кейбіреуі көз алдыңда жан тәсілім етіп жатады. Ондай сәтте батылдық танытуға тырысасың. Ал келешек ұрпаққа айтарым, олар жақсы білім алып, елді көркейтуге атсалысуы керек. Бұл заман – оқығандікі.

Александра әжей елге оралған соң қызу еңбекке араласып кетеді. Сауыншы болып жұмыс жасайды. Бүгінде жасы 95-ке таяды. Қызымен бірге тұрады. Ұлы Жеңістің 72-ші көктемін қарсы алғалы отырған кейуананы аудан басшылары арнайы құттықтады. Түлкібас ауданынан бес Кеңес Одағының батыры шыққан. Қазір 13 Ұлы Отан соғысының ардагері мен мыңнан астам тыл еңбеккері бар. Солардың бірі – Әбдімомын ақсақал. «Сталинград пен Польша түбінде жаумен қалай айқасқаны әлі есімде», - дейді. Ерлігі ескеріліп, 1944 жылы «Даңқ» орденімен марапатталған. Оқ тиіп, екі рет жараланғаны бар. Бар тілегі «Біз көрген соғысты келер ұрпақ көрмесін», - дейді. Қазір зайыбы Ұмсын апамен 9 ұл-қыз өсіріп, одан 32 немере мен 37 шөбере сүйіп отыр.

Әбдімомын Ибрагимов, Ұлы Отан соғысының ардагері:

- Соғыс дегеннің аты өшсін. Соғыс болмасын. Аспандарың ашық, денсаулықтарың мықты, отбасыларың аман болсын!

Әбдімомын ақсақал Жеңіс күні аудан орталығында өтетін мерекелік шараның құрметті қонағы болмақ. «Денсаулығым жараса, жас ұрпаққа бүгінгі бейбіт күннің баға жетпес байлық екенін айтудан жалықпаймын», - дейді.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов