Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында Ұлы Жеңіс мейрамы ұлықталды

Соғыс ардагерлері «Мәңгілік алау» мемориалына гүл қойып, «қандыкөйлек» майдандастарын еске алды. Ал түс ауа мереке «Жеңіс» саябағында жалғасты. Соғыс жылдарының әндері шырқалып, театрландырылған көрініс қойылды. Сондай-ақ ретро көліктердің көрмесі ұйымдастырылып, тұрғындар солдат ботқасынан дәм татты.

Қазір Қарағанды облысында небәрі 184 қария қалған. Жылдағы дәстүрге сай, сол ардагерлер әуелі «Мәңгілік алау» мемориалына гүлшоқтарын қойып, майдан даласында шейіт болған боздақтардың рухына тағзым етті. Бұл күні өңірдегі барлық әскери бөлімдердің сарбаздары салтанатты сап құрып, ардагерлерге құрмет көрсетті. 

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі: 

- Біз ардагерлерімізді ардақтаған, қарттарымызды қадірлейтін халықпыз. Отан үшін жанын қиған жауынгерлерге, ардагерлерге деген құрметіміз Мәңгілік алау сияқты ешқашан өшпейді, сөнбейді.  

Бұл күні кеншілер шаһарында «Мәңгілік полк» шеруі өтті. Тұрғындар өздерінің соғысқа қатысқан батыр аталарының суретін ұстап, орталық көшелерді айнала жүрді. Сонымен қатар саябақта ретро көліктердің көрмесі де ұйымдастырылған. 20-ға жуық ескі техниканың ең көнесі 1947 жылы жасалыпты. Осы автокөліктер ардагерлерді Жеңіс саябағына жеткізді.

Бүркіт Есжанов, Ұлы Отан соғысының ардагері:

- Бұрын-соңды болмаған қадамдармен алға басып келе жатырмыз. Осының бәрі бейбітшіліктің, тәуелсіздіктің арқасы. Халқымызға тыныштық, отбасыларыңа шаттық, амандық тілейміз! Аман болыңыздар!

Бұдан соң мереке «Жеңіс» саябағында жалғасты. Мұндағы майдан даласын еске салатын әскери техникалар, қаруын асынған жауынгерлер жұртқа айқастың алдыңғы шебінде жүргендей әсер қалдырды. Ал саябақты жағалай тігілген жорық шатырларында тұрғындар солдат ботқасынан дәм татып, мәре-сәре болды. Мерекелік кеште жергілікті өнерпаздар ән мен жырдың тиегін ағытты.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Сайлау Игіліков, Әсет Асайынов