×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 61

Жаңалықтар

Жақия Мұсатаев: Өскелең ұрпақ бүгінгі бейбіт күнді бағаласа...

    Жексенбі, 21 Желтоқсан 2014 04:18

Қарағанды облысынан Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған 45 мың адамның 18 мыңы майдан даласында шейіт болған. Өкінішке қарай, сұм соғыстан елге аман оралған майдангерлеріміздің де қатары сиреп келеді.

Қазір бұл облыста 465 ардагер қалған. Солардың бірі -  Жақия Мұсатаев. Өрімдей кезінде қолына қару алған ол майдан даласындағы ерлігі үшін бірнеше орден мен медальдарды кеудесіне таққан. «Сұрапыл жылдардың қасіретін келер ұрпақ көрмесе екен, Тәуелсіздігіміз баянды болсын», - деп тілейді ардагер.

Жақия Мұсатаев ақсақал Екінші дүниежүзілік соғыста зеңбірекшілер батальонында болыпты. Ресей, Украина жерлерін азат етуге қатысқан. Волоколамск тас жолындағы басқыншылардың ойраны шыққан оқиғаға да куә болған. Тіпті кескілескен шайқаста асау Днепр өзенінен зілбатпан зеңбірек тиелген резеңке қайықпен жүзіп өтуден де тайынбаған. Осы жолы аяғынан ауыр жарақат алып, 1944 жылы туған жері Қарқаралыға оралған. Бірақ қол қусырып қарап жатқан жоқ, ұзақ жыл ауыл шаруашылығы жұмыстарына араласып, зейнетке шықты. Ақсақал «Жас ұрпақ азаттықтың қадірін тереңнен түйсінсе екен» деп тілейді.

Жақия Мұсатаев, ҰОС ардагері: «Тәуелсіздік күні енді өз шаңырағымыз ғой. Кешегі біздің қолымыз жете алмаған шаңырақ. Енді мынау жастар соған ие болу керек. Әскер - мемлекеттің жүрегі. Бізді былай тәрбиеледі: «Отқа салып ойнат, қазанға салып қайнат» деді. Одан біз жаман болғанымыз жоқ».

Қазір Қарқаралы ауданында барлығы 4500-ден астам ардагер болса, соның тек 10-ы ғана Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері. Бүгінде жасы 90-нан асып кеткен қарияларға әрдайым әлеуметтік және рухани қолдау көрсетіліп отырады, - дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы. Жақында ғана Жақия ақсақалдың үйіне су тартып берген. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа қария да дән риза.

Жақия ақсақал қазір қолына қалам алып, соғыс жылдарындағы естеліктерін, ел аузынан жинаған аңыз-әңгімелерді, ғибратты сөздерін қағаз бетіне түсіруде. Келер буынға сабақ болсын деген ниетпен. Ең бастысы, өскелең ұрпақ бүгінгі бейбіт күнді бағалап, Тәуелсіз елімізді гүлдендіру жолында аянбай еңбектенсе, - дейді абыз қария. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков 

Таразда Ардагерлер үйі ашылды

    Сейсенбі, 16 Желтоқсан 2014 23:50

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында тараздық қарияларға үлкен сый жасалды.

Қаланың қақ ортасынан ақсақалдарға арналған Ардагерлер үйі пайдалануға берілді. 

Жаңадан тұрғызылған ғимаратта қарттардың бас қосып, жиын өткізулеріне, тынығып, шығармашылықпен айналысуы үшін барлық жағдай жасалған.

Орталықта ардагерлер кеңесі мен қоғамның мүшелері отырады. 

Сондай-ақ «Ғұмыр-Дария» ардагерлер газетінің редакциясына да орын берілген. Мұнда қариялар бірлесіп жұмыс істеп, түрлі идеяларды жүзеге асыратын болады.

Ардагерлер мен зейнеткерлер енді жиын өткізіп, ақылдасуға арналған мәжіліс залы, жеке асханасы, мұрағат, тіпті бір мезгіл серпілу үшін  қойылған бильярд үстелі де бар. 

Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің жастар ісі жөніндегі комиссия төрағасы Жандар Кәрібайұлының айтуынша, жастар аға ұрпақтың тәжірибесін әр уақытта қаперлерінен шығармауы керек. 

Авторы: Руслан Бақытбекұлы

ҰОС ардагері А.Кияткин ұрпақтарымен бақуатты өмір сүруде

    Бейсенбі, 04 Желтоқсан 2014 11:20

Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Александр Кияткинді 90 жасқа толу мерейтойымен Ақмола облысының әкімдігі құттықтап, сый-сыяпат көрсетті.

Бұл туралы өңір басшысының баспасөз қызметі хабарлады. 

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов Ұлы Жеңіс сарбазы Александр Кияткиннің пәтерінде болып, өңір басшысының атынан құттықтау хат пен ақшалай сыйлықты табыс етті.

Александр Тимофеевич Зеренді ауданындағы Серафимовка селосының тумасы. Балалық шағында Қойсалған ауылына барып, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллинмен бірге асық ойнағанын күні бүгінге дейін мақтаныш тұтады. Кейін Көкшетау қаласында 7 жылдық мектепті тәмамдапты. 

Ұлы Отан соғысы басталғанда Көкшетау аспап жасау зауытында жұмыс істеген. 1942 жылы Қырғызстанның Ферғана қаласындағы оқу-жаттығу батальоны сапында  кіші сержант шенін алып, 2-ші Беларусь майданында ұрыстарға қатысты. Кейін 1-ші Беларусь майданына ауыстырылып, Беларусь пен Могилевты жаудан азат етіп, Эльба өзеніне дейін барды. 

Майданда көрсеткен ерліктері үшін 2-ші және 3-ші дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, бірқатар медальдармен марапатталған. Ұлы Жеңістің куәгері туған жеріне тек 1947 жылдың наурызында оралды. 

Кейін  Көкшетау аспап жасау зауытына жұмысқа орналасып, учаске шебері, цех басшысы, зауыттың Мәдениет үйі мен паркі және стадион директоры қызметтерін атқарады. 

Бүгінгі таңда Александр мен Полина Кияткиндер еңбектерінің зейнетін көріп, ұрпақтарының арасында бақуатты өмір сүруде.

Авторы: Достық Талғатұлы

 

Ардагерлер болашақ ел қорғаушыларды отансүйгіштікке баулуда

    Сейсенбі, 25 Қараша 2014 12:25

Қазақстан Қарулы күштерінің ардагерлері Президент саясатын толық қолдайды. Сардарлар мен сарбаздардың бір тобы мұны өз істерімен де дәлелдеді.

Жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беру мақсатында тәжік-ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысушы жауынгерлердің қоғамдық бірлестігінің мүшелері арнайы автошеру өткізіп жатыр.  

Ақтөбеден шығып Орал арқылы  Атырау қаласына ат басын тіреген бірлестік өкілдері еліміздің батысындағы төрт облыстың аудан, елді мекендерін шарлап шықпақ ниетте. Олар жол түскен жерлердің барлығында жергілікті жастармен жүздесіп, ақыл-кеңестерін беріп, болашақ ел қорғаушыларды отансүйгіштікке баулуда.   

Мұрат Мұхамеджанов, Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысушы ардагерлер одағының төрағасы

-  Біз Президенттің «Нұрлы жол – келешекке бастар жол» атты Жолдауының өңірлерде нақты жүзеге асырылуына септігімізді тигізсек дейміз. Біздің ардагерлер Елбасы саясатын барынша қолдайды. Өйткені Президентіміз Тәуелсіздік алғалы бері ешбір әскери  қақтығысқа жол берген жоқ. Еліміздегі ұлттар тату-тәтті, бейбіт өмір сүріп жатыр. Әскери адам болғандықтан мемлекет тыныштығы үшін қызмет ету біздің басты парызымыз.