07:00 Әрі қарай эфирде: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Елімізде қазақтың қазанаты мен жабы тұқымдары сақталған

Елімізде қазақтың қазанаты мен жабы тұқымдары сақталған

Мінсе – ат, жесе – ет, сатса – пұл.

Төрт түліктің төресі жылқыны қазақ ерекше қастерлейді. Елімізде қазақтың қазанаты мен жабы тұқымдары сақталған. Қазір қазақ тұлпарын араб сәйгүліктерімен будандастыру арқылы бәйге аттары алынып жатыр. Елімізде ауыздығымен алысқан арғымақтардың басқа қандай түрлері бар?

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Қыстың көзі қырауда атжарыс жоқтың қасы. Бұл кезде жылқылардың жілік майын толтырып, семіртеді, кейін көктемге таман арам терін шығарады. Қамысқұлақ, қаз мойын, паң жүрісті ақалтеке, бәйгеде алдын бермейтін су жүйріктер – таза қанды ағылшын арғымақтары, арабтың сәйгүліктері мен немістің небір епті де икемді тұлпарлары тұр бұл жерде. Асылтұқымды аттың бабын келістірудің машақаты көп-ақ. Бірақ жылқыны жарата білу қазақтың қанында бар.

Астана маңындағы ат спорты кешенінде асылтұқымды 60 жылқы бар. Атбегі Бекболат түр-түсін жатқа біледі.

Бекболат Серікбеков, атбегі:

- Әр жылқының өзінің құжаттары бар. Мәселен, мынау – Скриба. Бұл жылқы Польшадан келген, мұның негізі арғы қаны бойынша арамустан келеді. Польшада «Арамус» деген атақты айғыр бар. Әке жағынан – Арамус, шеше жағынан – Дон Корлеоне. Дон Корлеоне да мықты айғыр. Қазір Қазақстанда Дон Корлеоненың балалары шауып жүр.

Шетелде асылтұқымды жылқының бағасы бір млн еуродан асып жығылады. Қазақстан негізінен таза қанды ағылшын мен ақалтекені көп өсіреді. Қазақтың жабысы тек ет пен сүтке жаратылады.

Бекболат Серікбеков, атбегі:

- Әрбір жылқының мінезі әртүрлі ғой. Жылқылар мінезді, мінезсіз келеді. Тұқымына да байланысты. Қазақы жылқыға қарағанда ағылшын жылқылары адамға үйір болады.

Бойшаң, дене тұрқы жалпақтау келетін аттар кедергілерден мүдірмей секіреді. Көкпар жылқылары күйлі, кесе тұяқты, етжеңді келсе, бәйгенің сәйгүліктері сида сан, бір сылым майы жоқ,  жарау болады.

Асылтұқымдылардың күтімі де ерекше. Жем-азықтан бөлек күніне 2 рет қант, сәбіз, ара-тұра алма да беріледі. Атқораға бөтен жан кірсе, адыраңдап, кісіней кетеді. Қатты сезімтал.

Самат Сүлейменов, атбегі:

- Адамда адреналин бар. Адам қорыққан кезде адреналин шығады. Ал аттар сезгіш болады. Сол адреналинді олар сезеді де, адамның қорқып тұрғанын біледі. Қорыққан адамға ат бағынбайды, оны алып қашуы мүмкін.

Лай суды жиіркеніп ішпейтін жылқы тазалықты сүйеді. Ен далада үйірде емін-еркін аунап-қунай алмағандықтан, оларды атқорада бір күнде 2 рет тазалайды.

Владимир Киль, ұлттық спорт түрлері бойынша жаттықтырушы:

- Жаттығуға дейін және жаттығудан кейін бір тазалап тұрамыз. Адам да терлесе жуынады ғой, сол секілді бұларды да таза ұстаймыз. Бұл аттың есімі Комплект. Биыл Қазақстан чемпионатына қатысып, аяғы ақсап қалды.

Аттың төресі – ағылшын арғымағы. «Оны мақтаулы ақалтеке басып оза алмайды», – дейді бапкерлер. Бірақ кез келген жылқы сезімтал. Дода басталарда алаңға ойқастап шығып, құлақтарын қайшылап, оқыранып, бәйгеге іштей дайындалады екен.

Бекболат Серікбеков, атбегі:

- Бұрын шапқан ат болса, ол бәйгені бірден сезеді. Бәйгенің алдында ішіндегі артық жегендерін тастап, дайындалады, елеңдеп, жан-жағына қарайды. Кейбір аттарда қобалжу болады, кейбіреуінде болмайды.

Қазақта кәсіби бапкерлер жоқ емес. Бірақ жүйріктің бабын келтіре алмай, бағын байлайтындар да аз емес.

Медет Ахметбеков, ат спорты кешенінің басшысы:

- Аламан бәйгелерде аттардың ақсаңдап қалуы, аттарын семіз қосып жіберуі, аттарды арытып алып қосып жіберуі, уақытында қоспай, соның маманы болмағаннан кейін үлкен спортпен қоштастырып жатқандар бар.

«Тарпаңдарды тақымында тулатар бапкер дайындайтын мектеп те қажет», – дейді мамандар. Айта кетейік, АҚШ-та 32 мың, Аустралияда 22 мың, Түркияда 7-8 мың асылтұқымды төл алынады. Ал біздің елде бір жылда таза қанды жүздеген құлын ғана туылатынын ескерсек, мал басын көбейту де тың жоспар секілді.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Мейрамбек Ақмаханов