07:00 Әрі қарай эфирде: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Елордада заманауи Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды

Елордада заманауи Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды

Астанада қос бірдей жаңа үлгідегі Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды.

Бірі қызметтерді тек электрондық түрде көрсетуге арналған. Екіншісі технологиялық тұрғыдан жетік. Айырмашылығы еңбек мигранттарын тіркеу, олардың жұмыс жасауына рұқсат беру сынды қызметтерді атқарады. Бұл Елбасы тапсырмасы аясында іске асып отыр. Бастама алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады деп жоспарлануда.

Басқа қалаларды былай қойғанда, тек Астанаға жыл сайын 40 мыңнан астам еңбек мигранты келеді. Оларды тіркеу, жұмыс жасауына рұқсат беру жұмыстары жеке-жеке әрі бірнеше мекеме арқылы іске асырылатын. Енді барлық қызмет мына миграциялық Халыққа қызмет көрсету орталығына топтастырылды.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Бұрында бес күн өту керек болған. Бір мекемеге ғана емес, неше түрлі мекемеге келеді. Сондықтан ол жерде жемқорлыққа мүмкіншілік көбірек болады деп ойладық. Енді бұл жерде құжаттардың саны да қысқартылды.

Атап айтсақ, олардың саны кейде жетіге дейін жететін. Қазір өтініш, куәлік және салық түбіртегі ғана қажет. Төлем жасауға арналған касса да осында.

Ердәулет Байдуллаев, тілші:

- Ғимаратта медициналық қызмет көрсету жағы да ескерілген. Атап айтатын болсақ, мигранттарды лор, невропатолог, хирург, терапевт сынды мамандар кезек-кезегімен мына бөлмеде қабылдайды.

Шолпан Ошурбаева, терапевт:

- Тексерілуге келген кісі бірінші қан сынамасын тапсырады. Одан кейін 30-40 минут шамасында мамандар қарауынан өтеді. Оған дейін зартханалық тексеріс нәтижесі дайын болады.

Орталықта бас-аяғы 28 маман бар. Оның алтауы – медициналық қызметкер, екі криминалист және 20 оператор. Астанаға нәпақа табуға жиі келетін өзге ел азаматтары орталық қызметінің ескі жүйеден әлдеқайда тиімді екендігін айтуда.

Талубжан Құрбанов, Өзбекстан азаматы:

- Қазақстанға келдік. Қазір құжатымыз оңай реттеліп, жақсы болды. Алдында бір жұмада алатын едік. Қазір құжатымыз бір сағатта дайын болып шықты.

Ал мынау – алғашқы электрондық халыққа қызмет көрсету орталығы. Атауы айтып тұрғандай, қажетті анықтаманы азаматтарға өз беттерінше электрондық кілт және бір реттік пароль арқылы алуына болады.

Амангелді осылайша келушілерге жаңа орталықтың жұмыс істеу тәсілін үйретуде.

Амангелді:

- Әр адам қалаған анықтамасын алуға болады. Яғни мекенжай анықтамасын алатын болсақ, өзінің ЖСН-ін тереді. Өзінің баласына немесе жұбайына да алуға болады. Ары қарай телефонға құпия сөз келеді. Соны теріп, қалаған анықтаманы алуға болады.

Мұрат Жұманбай, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының департамент директоры:

- Адамдардың цифрлық қызметтерді алу сауатын ашу орталығы ретінде қызмет жасайды. Әрбір азамат жоғары технологияларды пайдалану арқылы мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға үйренеді. Себебі осы жерге келу арқылы азаматтар қызметтерді қалай алудың оңай екенін көріп, болашақта бұл жерге келмей, үйінде не басқа жерде қызметтерді ала алады.

Азаматтарды үйрету бір реттік кеңеспен шектелмейді. Кеңірек танысқысы келетіндер үшін орталықта арнайы сынып та бар. Мамандар бекітілген кесте бойынша кез келген адамға сабақ өтуге әзір.

Айта кетейік, соңғы кезде қызметті электронды түрде алу көрсеткіші айтарлықтай жоғарылаған. Тек 2017 жылы оның саны 24 млн-ға жетіпті.

Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Санжар Жартиев