07:00 Әрі қарай эфирде: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Шымкенттегі қосалқы станция қаңырап бос тұр

Шымкенттегі қосалқы станция қаңырап бос тұр

Шымкенттегі құрылысына 5,5 млрд теңге шамасында жұмсалған электр қуатын тарататын қосалқы станса қаңырап бос тұр.

Кесте бойынша қаланың солтүстік аумағын сапалы түрде электр қуатымен қамтамасыз етуі тиіс нысан өткен жылдың соңында пайдалануға берілу керек болатын. Бірақ мердігер компания жұмысын дұрыс жүргізе алмаған соң, соттың шешімімен құрылыс енді өзге фирмаға беріледі.

Миллионға жақын тұрғыны бар Шымкенттің бас жоспарына сәйкес салынып жатқан бұл қосалқы станса тек облыс орталығын ғана емес, іргелес үш ауданға да электр энегргиясын жеткізіп тұруы тиіс болатын. 2015 жылы құрылысы басталып, жұмысының 85 пайызы орындалған нысанды енді қысқа мерзімге консервациялауға тура келіп тұр. Өйткені кезінде сатып алынған қымбат жабдықтар іске қосылмай жатып, кепілдік мерзімі бітуге жақындаған. Оған қоса жабдықтар дұрыс жағдайда сақталуы тиіс.

Нұрлан Жаманкөз, ТҮКШ бөлім басшысының орынбасары:

- Бірінші кезекте бұл – қажет қосалқы станса. Екіншіден ол 10-20 теңге тұрмайды, қымбат. Бір трансформаторы 512 миллион теңге тұрады. Сол себепті біз сондай жұмыс атқаруымыз керек.

Консервация жұмыстарына бюджеттен 20 млн теңгедей қаржы қарастырылған. Ал қосалқы стансаны толық бітіру үшін 1 млрд 900 млн-дай теңге қажет. Бұрынғы мердігердің игермеген 900 млн теңгесі тұр. Электр желісі тартылатын 136 бағанның 88-і тұрғызылған. Сатып алған жабдықтарды монтаждап, іске қосу керек. Ол жұмыстарды атқаратын компанияны жақында өткізілетін конкурс анықтайды.

Бейсен Жанбосынов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

- 2018 жылы қазан айында тапсырылады деп күтілуде. Ол қосалқы стансадан қаланың солтүстік бөлігінде 6 110 киловольттық қосалқы станса қосылуы керек. Ол 230-250 мың тұрғынға есептелген.

Дамып келе жатқан қала үшін іске қосылмай тұрған қосалқы стансаның қажеттілігі зор. Егер ол биыл да пайдалануға берілмесе, тұрғындарды тұрақты түрде электр энергиясымен қамтамасыз етуде іркіліс пайда болуы мүмкін.

Авторлары: Әбдез Рахманұлы, Нұрмахан Мұсатов