07:00 Әрі қарай эфирде: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Алматы облысының тұрғындары жекеменшік емханаға қалай тіркелгендерін білмей дал

Алматы облысының тұрғындары жекеменшік емханаға қалай тіркелгендерін білмей дал

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының 20 мың тұрғыны жаңа жылдан бері жекеменшік емханаға қалай тіркелгенін білмей дал.

Олар енді кепілдендірілген медициналық көмек алу үшін бірнеше шақырым аудан орталығына сабылуға мәжбүр.

Алға ауылында 2 мыңнан астам адам тұрады. Қарапайым тұрғындар медициналық жәрдем алу үшін аудан орталығы Есік қаласына баруы керек екенін жақында ғана білген. Өйткені ешкімнің келісімінсіз олардың құжаты жекеменшік емханаға тіркелген. «Ауылда амбулатория бола тұра, алысқа сабылудың жөнін біле алмадық», – дейді наразы тұрғындар.

Шолпан Құмарханқызы, Алға ауылының тұрғыны:

- Ал егер де менің күйеуім түнде ауырып қалса, мен не істеймін, қайда барамын? Бұл – қиын жағдай. Неге десеңіз, күйеуімде екі инфаркт, 3 стенд тұр. Мен не істеймін онымен?

Тоты Ынтықбаева, Алға ауылының тұрғыны:

- Менің түсінгенім, бізді басқа жаққа аударып тастаған. Бірақ қайда, не екенін білмеймін. Бір айтқандары: «Құжатыңызды әкеліңіз», – деді. Сонда мен неге басқа жаққа баруым керек? Өзім осы ауылда 30 жылдан аса тұрып келе жатырмын.

Есік қаласында ашылғанына бір апта ғана болған жекеменшік емхана бас дәрігерінің айтуынша, өткен жылы ауданда міндетті медициналық сақтандыру талаптарын халыққа түсіндіру шарасына белсенді қатысқан. Алайда аз ғана уақытта емханаға 20 мың адамды қалай тіркеп алғанын түсіндіре алмады.

Ахмет Гасанов, жекеменшік емхананың бас дәрігері:

- Олардың біздің емханаға қалай тіркелгенін білмеймін. Үгіт-насихат шараларын жүргізгеніміз рас. Мүмкін Астанада орналасқан орталық база арқылы жасалған шығар. Анық айта алмаймын.

Мекеме басшысы: «Даулы мәселенің төркіні республикалық денсаулық сақтау саласының электронды орталығында болса керек», – деп түсіндірді. Пайымдауынша, сол жерде қателік кетуі мүмкін. Бірақ аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары оның сөзін жоққа шығарды.

Гүлнәр Құраметова, Еңбекшіқазақ аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

- Егер мына жақтан сұраныс болмаса, Астана оны тіркей алмайды. Әр мекеменің өзі сұраныс береді. Бізге адам келді ма? Біз оның төлқұжаттарын өтінішімен қоса Астанаға жібереміз, сол жерден бізге осы адамды тіркеуге болады деген рұқсат береді.

Бір адамды емдеуге мемлекет нақты сома бекіткен. Медициналық қордан жеке немесе мемлекеттік емханаға қанша адам емдегеніне қарай қаржы бөлінеді. Яғни емханаға тіркелгендер саны көп болғанына қарай мемлекеттен бөлінетін қаржы да қомақты болатыны түсінікті.

Алмас Садуақас, тілші:

- Әрине, кез келген азаматтың медициналық жәрдем алатын қандай емхана таңдауы өз еркінде. Бірақ бір аптада 20 мың тұрғынды тіркеп алған осы жекеменшік емхананың әрекеті күмән тудырмай қоймайды. Осы іске қатысты қазір құзырлы мекемелер анық-қанығын тексеріп жатыр.

Бұл түсініксіз оқиғаның мән-жәйін анықтау үшін ауыл тұрғындары аудандық прокуратураға арызданған. Ал заң қадағалаушы мекеме тұрғындар арызын медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалына жолдапты. Ондағылар бұл мәселені қарастыратынын айтады.

Авторлары: Алмас Садуақас, Ерлан Әбжанов