Ақтөбеде қолаңса иіспен күрес кешенді түрде жүргізіліп жатыр

Ақтөбеде қолаңса иіспен күрес кешенді түрде жүргізіліп жатыр

Ақтөбеде қолаңса иіспен күресті кешенді жүргізуге кіріскен.

Өңірдегі экологиялық ахуалды оңалтуға сулы бөгеттер мен көмірлі сүзгілер орнатылмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар өткен жылдан бері белсенді жүргізілуде. Бірақ ақтөбеліктердің жақын арада күкірт қышқылы иісінен толықтай арылу екіталай. Тек кәріз сулары қалдықтарын тазарту стансасын жөндеу үшін 16 млрд теңгеден астам қаражат қажет.

Мұрат Алмағамбетовтың шаһардың өндірістік аумағына көшкеніне 5 жылға таяп қалған. «Жеке тұрғын үйге көшкеніме алғашында қуанғаныммен, артынша қолқаны алған қолаңса иістен мезі болдым», – дейді. Өткен жазда тіпті терезені ашудан қалған. Бірақ күз келісімен сасыған иіс сап тиылыпты.

Мұрат Алмағамбетов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Кәдімгідей сасық иіс. Терезені аша алмай, далаға шыға алмай жүрдік бір. Иістер болды. Қазір шүкір. Жақсы бәрі. Мына күзден бастап жақсы болды. Иіс деген жоқ.

Тұрғындардың арыз-шағымына құлақ асқан экологтар дереу тексеруге кірісіп, шаһарды жаулаған сасық иістің шығу орындарын анықтаған. Бірінші кезекте құзырлы орган: «Коммуналдық мекемелерді назарға алдық», – дейді. Кәріз су жүйелерін ретке келтіріп, қалдықтарды төгетін үш жаңа станция іске қосылды. Коммуналдық кәсіпорын барлық бекетке көмірлі сүзгілер орнатқан. Ал қалдықтарды тазарту стансасына қолаңса иісті көлегейлейтін сулы бөгеу орнатқан.

Асан Ыбраев, коммуналдық мекеме жетекшісі:

- Желдің бағыты қалаға қарай ауғанда автоматты түрде сулы бұрқақ іске қосылады. Арнайы химиялық қоспаның арқасында қолаңса иісті тоқтататын сулы кедергі орнайды.

Кәріз сулары қалдықтарын тазарту стансасы өткен ғасырдың 80-ші жылдары іске қосылған. Қазір әбден ескіріп тұр. Қаланың екі жарым есе өскені тағы бар. Сондықтан бұл кәсіпорынды жақын арада жаңарту қажет. Коммналдық мекеме жетекшісі: «Алдын ала есеп бойынша оған шамамен 16 млрд теңгеден астам қаражат қажет», – дейді. Әзірге бұл соманы монополист мекеменің қалтасы көтермейді. Шетелдік инвесторлардың көмегіне жүгінуге тура келмек. Ал әзірге экологтар жергілікті кәсіпорындарды тексеріп, кәріз жүйелеріне тазарту құралдарын қондыруды талап етуде.

Жақсығали Иманқұлов, облыстық экология департаментінің жетекшісі:

- 100-ден астам кәсіпорын тексеріліп, мұның нәтижесінде 60 кәсіпорынға жергілікті тазарту құралдарын қондыртқызып, 23-іне мекеменің жұмысын қалпына келтіргендей болдық. Бұл жұмыстың жақсы нәтижесі ағынды судың концентрациясында күкіртсутегінің концентрациясы 7 есе азайды.

Экологтар Ақтөбенің ауасын күкірт қышқылымен құртатын тағы бірнеше орынды анықтаған. Кәріз суларын тазарту стансасынан бөлек, одан шыққан қайырлай тұндыру орындары мен қалалық қалдықтар полигоны да бар.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Тұрмыстық қалдықтарды азайту мақсатында өңірде сұрыптау цехы іске қосылса, спирт қалдықтарын жою мәселесі әлі де болса шешімін тапқан жоқ. Шаһар маңындағы ірі алқапты алып жатыр. Қазір қар астында қалған бидай төбі жаздыгүні ашып, қолаңса иістің көзіне айналады. Оларды жою үшін мамандар: «Шамамен 100 млн теңге қажет», – дейді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов