+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Өткен жылы 100,8 мың баспана халық игілігіне берілді

Өткен жылы 100,8 мың баспана халық игілігіне берілді

Өткен жылы Қазақстанда тұрғын үй құрылысына 978,8 млрд теңге инвестиция бөлінді.

Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп. Нәтижесінде елде 100,8 мың баспана халық игілігіне берілді. Бұл жайында бүгін Үкімет отырысында айтылды. Дәл қазір жиында бірқатар өзекті мәселе қарастырылып жатыр.

Риат Шони, тілші:

–Иә, бүгінгі жиынның күн тәртібіне шығарылған мәселелер өзекті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында ел алдындағы 10 негізгі міндетті айқындап берді. Құжатта мемлекет басшысы адам капиталының жаңа сапасына ерекше мән беру керектігін көрсеткен. Ал адамға жайлы әрі қолжетімді баспананың қажеттігі айтпасада түсінікті. Бүгінгі Үкімет отырысының күн тәртібіне шығарылған мәселелердің арасында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру жайы да қаузалды. Аталмыш бағдарлама аясында 2017 жылы елде жалпы аумағы 11,2 млн шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал биыл 100 мыңға жуық баспананы қолданысқа енгізу жоспарланған. Тағы Президент тапсырмасына сай заманауи технологияларды қолдана отырып салынатын баспаналардың сапасына деген талап күшейтілетін болады.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

–Бағдарламаны жүзеге асыру 15 жылға бекітілген. Осы аралықта 1,5 млн отбасыны баспанамен қамту жоспарланған. Елбасы жолдауына сай 2030 жылға қарай 1 тұрғынға шаққанда тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін 30 шаршы метрге дейін жеткізу қажет. Ол үшін құрылыс көлемін жыл сайын 8-10 пайыз деңгейінде өсуін қамтамасыз ету керек. Осыған байланысты әкімдер жыл сайынғы меморандуда осы көрсеткіш бойынша аталған өсімді есепке алып отырулары тиіс.

Бұдан өзге жиында құқық қорғау қызметін, атқарушылық іс жүргізу мен сот сараптамасының мәліметтерін цифрландыру және азаматтық авиацияның одан әрі даму мәселелері сөз болды.