ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Өңір өмірі: Өскемен жолдары жаңа тәсілмен жөнделіп жатыр

Өңір өмірі: Өскемен жолдары жаңа тәсілмен жөнделіп жатыр

Өскемендегі автокөлік жолдарына қиыршық тасты мастикалық асфальт төселе бастады.

Қар мен жаңбырға және аязға төзімді бұл материал жол құрылысында соңғы бір-екі жылда қолданылуда. Мамандардың айтуынша, бұрынғыдай битум қолданылмайды. Биыл қалада 100-ге жуық көше жөнделеді. Оған ел қазынасынан 9 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.

 

Оралда «Ашық әкімдік» жобасы іске қосылды

Орал қалалық әкімдігінде мемлекеттік қызметті пайдаланушыларға барынша қолайлы жағдай жасалды. Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес «Ашық әкімдік» жобасы іске қосылды. Жыл басынан бері әкім аппараты мен әкімдік ғимаратында орналасқан бөлімдер 4 мың 151 мемлекеттік қызмет түрін көрсеткен. Соның 85 пайызы сәулет және жер қатынастары бөлімінің еншісінде. Сол себепті залдағы терезелердің басым бөлігіне осы мәселелерге жауапты қызметкерлер жайғасқан.

 

Алматы облысында «Мүгедектерге жұмыс» жобасы жемісін бере бастады

Алматы облысының Балқаш ауданында алпысқа жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрақты жұмысқа орналасты. Сөйтіп, бес ай бұрын басталған «Мүгедектерге жұмыс» жобасы жемісін берді. Қазір облыс бойынша 800-дей адам еңбекпен қамтылған. Жетісу өңірінде алпыс мыңдай кемтар жан болса, олардың тең жартысы еңбекке қабілетті.

 

БҚО-да халықаралық талапқа сай спорт кешені ашылады

Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында биыл халықаралық талаптарға сай ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілмек. Мұнда шаһар тұрғындарының волейбол, баскетбол, шағын футбол және бокспен айналысуына мүмкіндік бар. Стадион 1 мың 200 көрерменге арналған. Кешен құрылысына кен игеруші компаниядан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 700 миллион теңге жұмсалған.

 

Петропавлда «Мен  чемпион» республикалық сайысының финалдық ойындары басталды

Петропавл қаласында республикалық «Мен – чемпион» спорттық сайысының екінші финалдық ойындары жалауын көтерді. Әр облыстан оқ бойы озық шыққан 16 құрама команда қатысып жатыр. Жарыстың іріктеу кезеңінде Қазақстан бойынша 270 мыңдай бала бақ сынады. Енді спортшылар 4 күн бойы өзара мықтыны анықтайды. Финалдық ойындар «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.