ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Ақтөбе облысында Жұбановтар үйін ашу бастамасы көтерілді

Ақтөбе облысында Жұбановтар үйін ашу бастамасы көтерілді

Ақтөбе облысының 85 жылдығына орай өңірде Жұбановтар үйі ашылуы мүмкін. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында осындай бастама көтерілді. Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздар Құдайберген, Ахмет және Ғазизадан бөлек бұл отбасында ондаған ғалым дүниеге келген.

Қара тастан қаланғаны – Жұбанов әулетінің қорымы. Мұнда Қуан атамыз, Жұбан атамыз, қарындастары, осы Жұбанов әулеті жатыр. 1919 жылы Құдайберген атамыздың қолымен қойылған құлпытас та бар. 

Жаңатұрмыс ауылының тұрғындары Жұбановтар жүріп өткен жерлерді жатқа біледі. Айтуларынша, Қызылжар мен Ақжар, Жаңатұрмыста қыстауға қонып, жаз жайлауға жайғасқан. Сол кезеңде Қуан Жұбанов мектеп ашып, ауыл балаларын оқытқан. Жастарды жинап, өнерге баулыған.

Елубай Сәметов, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны:

-Ана қырға шығып балалар музыка қойып, театр ойнайтын еді. Осында өніп-өсті, оқымаған балаларды оқытты.

Мансұр Есқожин, тілші:

-Осыдан бір ғасыр бұрын Қуан Жұбановтың қолымен қазылған мына құдықты жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін пайдаланады. Олардың айтуынша, көптеген дертті азаматтың дертіне шипа болатын емдік қасиеті бар көрінеді. Дегенмен, аптап ыстықта құдық суы шөлді басатындығы айдан анық.

Ембі қаласында ағайынды Жұбановтардың мемориалдық музей кешені орналасқан. Мұнда Ғазиза Жұбанованың кестелеп тіккен көйлегі, Құдайберген Қуанұлының қолжазбалары мен Ахмет Қуанұлының жеке заттарын көруге болады.

Ұлболсын Мұхамбетова, ағайынды Жұбановтар мемориалдық музейінің директоры: 

-Ахмет Жұбановтың өзі кезінде киген концерттік фрагі – музейіміздің көркі, өскелең ұрпаққа ауыз толтырып айтатын тарихы бар жәдігер.

Музей директоры Ұлболсын Мұхамбетова ұлы композиторлардың өмір жолын жеткізуші ғана емес, олардың шығармаларын да нақышына келтіре орындайды. Экскурсияны әнмен әрлеп, ақпаратты музыкамен жеткізеді. 

Құдайберген Жұбановтың немересі Ардақ Есетқызы да өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтармен ұштастыра тәрбиелеуге баса мән береді. Бүгінде ол – филология саласының маманы. Атасының еңбектерін зерттеуді жалғастырып, құнды мұраны көпшілікке дәріптеуді перзенттік парызы санайды.  

Ардақ Жұбанова, Қ.Жұбановтың немересі:

-Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы дер кезінде айтылған мәселе. Себебі бүгінгі күні ауадай қажет болып тұр. Қоғамның санасын жаңғыртуды қазірден қолға алу керектігімен келісеміз.

Жазушы Әбіш Кекілбаев Жұбановтар отбасын шағын академияға теңеген. Ардақ Жұбанова бұл феноменнің сыры білімге деген құштарлық пен қажырлы еңбекте екенін айтады. Ал саяси қуғын-сүргін жылдары жазықсыз жала жабылған әкесінің ақылды, дарындылығын дәлелдеу үшін ұрпақтары көп жұмыс жасаған. Жаңатұрмыс тұрғындары Жұбановтардың ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан талантына негізгі бастау болған сол туған жердің қасиетті топырағынан болғанын айтады.

Құдайберген Бейсен, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны:

-Осы жерде, осы үйдің орнындай жерде қасиетті топырақ бар. Сол топырақты басатын болса, болашақта ол халыққа, елге танымал адам болып шығуы керек-ті.

Жұбановтарды айтпағанда, белгілі композитор Бейбіт Оралұлы да осы ауылдан шыққан. Бүгінгі күні жасындай жарқылдап, дүниені таңқалдырып жүрген Димаш Құдайбергеннің де туған жері – Мұғалжар ауданы. Сондықтан халық айтса, қалып айтпайды.   

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Гүлмира Досмұратова, Айбек Даутов