ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Аптап ыстыққа төзбеген жұрт суда шомылу ережесін жиі бұзады

Аптап ыстыққа төзбеген жұрт суда шомылу ережесін жиі бұзады

Елімізде шомылу маусымы басталғалы төтенше жағдайлар қызметінің жұмысы еселене түскен. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 22 адам суға кеткен. Әулие ата өңірінде шомылып жүріп қайтыс болған 30 адамның 19-ы балалар екен. Бұл көрсеткіш екі аймақтың құтқарушыларын алаңдатуда. Енді олар кезекшілік ұйымдастырып, күшейтілген режимде жұмыс тәртібіне көшті. Ал Ертіс бойында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары судағы оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында еріктілерді арнайы курстан өткізген.

Жаз мезгілі басталысымен, құтқарушылардың жұмысы қыза түседі. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында 22 адам суға кеткен. Оның он үші бала болды. Бұл жағдайлардың көбіне ересек адамдардың жауапкершілігі жоқтығынан болып жатады. Олар шомылу орындарында балаларды қараусыз қалдырады. Осының кесірінен өз бетінше суға түскен жасөспірімдер жазатайым оқиғаға тап болады.

Күнгейдің өзінде 120 өзен-көл мен 43 су қоймасы бар. Ал 3 миллион халқы бар облысқа небәрі 98 құтқарушы бекітілген. Олар судан бөлек жол апаты мен өрттен адамдарды арашалап, барлық оқиғалардың ортасында жүреді. Дегенмен, құтқару жасағы бәріне бірдей үлгере бермейтіні анық.

Талғат Байсариев, облыстық ТЖД жедел құтқару жасағы бастығының орынбасары:

-Өткен жылмен салыстырғанда, облыста суға бату 40 пайызға төмендеген. Ал балалардың суға кетуі 50 пайызға кеміген. Негізінен қаншама үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгенімізбен, суға кету болып жатыр. Ол бақылаусыз қалған өзен-көлдер, су қоймаларында каналдарда болып тұрады.

Шығыс Қазақстанда тек биыл 40 адам суға кетіп қайтыс болды. Тек осы жаз шыққалы 33 адам көз жұмса, оның екеуі бала. Облыстық суда құтқару қызметі мамандарының айтуынша, суға батқандардың көбі қауіпсіздік ережесін сақтамайды. Кейбір азаматтар тіпті ішімдік ішіп алып, суға шомалады. Ал оның соңы қайғылы жағдайға апарып соқтырады. Ал жыл басынан бері өңір құтқарушылары суға батып бара жатқан 25 адамды аман алып қалған. Жалпы облыс бойынша 2 мыңнан астам су қоймасы бар. Айналдырған 120 құтқарушы олардың барлығын бірдей қамти алмайды.

Ал Ертіс өңірінде биыл 105 ерікті құтқарушы арнайы оқу курсынан өтті. Ал былтыр олардың саны үш есе аз болатын. Қазір жедел құтқару жасағында 100-ге жуық білікті маман бар. Шомылу маусымы басталғалы 74 адам құтқарушылар көмегіне жүгінсе, 18 тұрғын суға кеткен.

Әлібек Длимов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

-Бізде рұқсат етілмеген жерлер көп, оқыс жағдайлар болып жатыр. Қазір 18 адам зардап шеккен. Суға кеткен адамдардың барлығы да арнайы рұқсат етілмеген жерлерде шомылған.

Таразда маусым айынан бері суға кеткендер қатары көп. Саны 20-адамға жеткен. Оның 13-і – бала. Құтқарушылардың айтуынша, жағажайда демалатындардың басым бөлігі мас күйінде суға түсіп, тілсіз жаудың құрбаны болады. Өңірде алдын алу, түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінге дейін 106 рейд ұйымдастырылған. 156 жерге шомылуға тыйым салынған белгілер орнатылған. «Бірақ оған құлақ асатындар шамалы», – дейді мамандар.

Айдос Сейдахметұлы, облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының құтқарушысы:

-Көбінесе ішіп алған адамдар арғы бетке өтеді. Бергі бетке өтем деп, өздерінің күштерін көрсетпекші болады. Сөйтіп өтетіндер бар. Ол кісілер көпке шыдай алмайды. Бүгінге дейін 7 адамды құтқардық. Ереже бұзған сайын адамдардың аты-жөндерін жазып, қағазға түсіріп отырамыз.

Шомылу маусымының аяқталуына бір ай бар. Сала мамандарының айтуынша, көз жұмғандар қатарының артуына екі себеп бар. Біріншіден, азаматтар  тыйым салынған жерлерде шомылуға ынтық. Екіншіден, өңірлердегі аптап ыстық жұртты суға итермелейді. 

Авторлары: Нұрбек Байбосын және аймақтағы тілшілер