Қоғам

Ақмола облысында радиация деңгейін өлшеудің жаңа әдістемесі жасалады

Ақмола облысында радиация деңгейін өлшеудің жаңа әдістемесі жасалады

Степногорск қаласындағы экологиялық сынақ зертханасының мамандары радиация деңгейін өлшеудің әдістемесін жасауға кірісті.

Себебі бұған қазір сұраныс жоғары. Зерттеу тек топырақ пен судан сынама алумен ғана шектелмейді. Ғалымдар сондай-ақ өндіріс ошақтарындағы жұмыс орындарын да тексереді. Яғни әр жұмысшының маңайында қандай зиянды химиялық зат бар екеніне көз жеткізеді. Жаңа әдістемені жасау үшін ақмолалық ғалымдарға Ақтөбе қаласындағы метрология институтының мамандары да көмектеседі. Сонымен қатар Степногорсктегі бұл зертхана құрамында полихлоридті дефинил бар қондырғыларды да жоюмен айналысады. Ондай қондырғылардың бір ғана Ақсу зауытының өзінде 16 мың данасы бар. Экологтардың айтуынша, аталған іс-шаралардың барлығы қоршаған ортаны барынша қорғап қалуға мүмкіндік береді.

Хусен Амриев, экологиялық мекеменің басшысы:

-Біз жақында Германиядағы құрамында полихлоридті дефинил бар қондырғыларды қабылдайтын зауытқа барып, келісімшартқа қол қойып келдік. Енді осы аумақтан шыққан зиянды заттарды сол жаққа апарып жоямыз. Қазірдің өзінде Ақсу зауытындағы қондырғылардың 5 мың данасын дайындап қойдық. Қалғандарын жыл соңына дейін қаптаймыз.

Аягөз Сүйінова, экологиялық сынақ зертханасының меңгерушісі:

-Егер біз өндірістен қандай да бір шамадан тыс химиялық заттың мөлшерін анықтасақ, ол кәсіпорынға олқылықты жою туралы хат жазамыз. Ал мекеме тиісті мерзімде кемшіліктің орнын толтыруға әрекет жасамаса, біз бұл жайлы облыстық экология департаментіне хабарлаймыз. Біздің жұмыс – тек мониторинг жүргізу.