2018 жылдан бастап латын әліпбиін үйрететін мамандарды дайындауға тапсырма берілді - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

2018 жылдан бастап латын әліпбиін үйрететін мамандарды дайындауға тапсырма берілді

  • Дүйсенбі, 11 Қыркүйек 2017 19:00
Латын әліпбиіне көшу – өркениетті шешім. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне көшу туралы ой толғаған болатын.
Осы жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігін айтты. Ал 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға тапсырма берді. 
Осыған байланысты бүгін қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бойынша Мәжілісте ғалымдардың қатысуымен тыңдау өтті. Маңызды мәселе талқылауға түсіп, түрлі ойлар айтылды. 
Тіл – ұлттық кодтың тірегі. Сондықтан Мемлекет басшысы айтып жүрген рухани жаңғыру һәм генетикалық жад мәселесі дәл осы тіл тақырыбынан бастау алады. Сондықтан болар, Мәжіліс осы сессиядағы алғашқы парламенттік тыңдауын қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесіне арнады.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
– Біздің ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасаудан басталады. Себебі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру – біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор.
Латын әліпбиіне көшу мәселесін қазақ қоғамы кеше көтерген жоқ. Егемендіктің елең-алаң шағында-ақ алфавитті ауыстыру жайында аракідік айтылып келді, бүгінде бұл әбден иіні қанған әңгіме. Нақты қадам жасайтын сәт туды.
Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Адам қателесуі мүмкін, қоғам қателесуі мүмкін, тіпті заман да қателесуі мүмкін. Бірақ уақыт қателеспейді. Уақыттан өткен данышпан болмайды. Уақыт бұл мәселеде өзінің сөзін айтып үлгерді. Латын жазуы уақыттың сан ғасырлық сынағынан өтіп болды.
Қазақстан – заман иірімімен иық тірестіре жүретін ел. Латын – технология мен ақпараттың тілі. Бүгінгі таңда әлемдегі халықтың 80 пайызы осы латын жазуын игерген, әлемдегі ақпараттың 70% осы таңбамен таралады. Сондықтан жаңашылдықтан жырақ қалмау үшін де латынды үйрену керек. Машақаты бар, бірақ маңызы зор іс.
Бекболат Тілеухан, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: 
– Әліпби түгелі, бір бөлмеден екінші бөлмеңізге затыңызды ауыстырсаңыз да, кәдімгідей машақат. Жасыратыны жоқ, аға буынға бұл мәселенің ауырлау түсетіні рас. Ал жас ұрпаққа түк емес. Қажеттілікке саясаттың тонын кигізбей-ақ ағайын ашық сана, прагматизммен келгеніміз дұрыс болады деп ойлаймыз. Әліпби ауыстырған, астана ауыстырғаннан қиын емес. Әліпби ауыстыру жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға кілт бұрылғаннан қиын емес.
Әліпби алмастыру оңай да емес. Ал дұрысын таңдау одан да қиынға түсті. Қазақ лингвистері латын әліпбиінің 100-ден астам алфавитін ұсынды. Сұрыпталып, арасынан екеуі қалды. Бүгін таныстырылған әліпби – солардың бірі. 25 таңбадан, яғни әріптен тұрады, қосымша 8 диграф болады. Алфавит авторлары, ең басты принцип – қазақ тілінің шұрайлығы сақталды дейді.
Ербол Тілешов, Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры: 
– Қазақ тілінде 28 дыбыс бар. Бүгін ұсынған әліпбиде 25 таңба бар, қосу 8 диграф бар. Ең басты принцип – қазақтың дыбысын сақтау. Екінші принцип – қазақтың сингормонизм заңын сақтау. Барлық дыбыстық жүйе сақталды.
Қазіргі қолданыстағы қазақ алфавитінде 42 әріп бар. Арасында тілге тиек болмайтын таңбалар да жетерлік. Жаңа әліпбидің құрылымы смартфонды серік еткен жастар үшін ыңғайлы. 
Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
– Қазір қазақ тілін латын қарпіне көшіру үшін экономикалық, әлеуметтік жағдай да қолайлы болып тұр. Кириллицадан латынға ауысу қазақ қоғамын біріктіре түседі, жаңа технологияларға бір табан жақындата түседі.
Сергей Селиверстов, Еуразиялық интеграция институты директорының орынбасары: 
– Ақпараттық кеңістікте латын тілі – жаһандық құрал. Және бұл құрал қоғамдарды бір-бірінен алшақтатпайды. Керісінше бұл коммуникация құралы. Латын тілі ғылыми лексиканы ұлттық сөдік қорына қосып, сақтауға сеп болады.
Айта өткен жөн. Бұл алфавит бүгін таныстырылып, ертең қабылдана қоятын іс емес. Бұл мәселе кезең-кезеңімен жүзеге асады. Сөзбұйдаға салатын да жөні жоқ. Бүгін депутаттар аталған жобаны жан-жақты талқылады.
Анар Жайылғанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
– Елбасы жақында ғана өткен құрылтайда шетелдегі қазақтардың саны 5 млн-нан асты деген еді. Латын тілінің рөлі қандай болмақ?
Ерден Қажыбек, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры: 
– Латынға көшу – үлкен мүмкіндік, зор жауапкершілік. Бүгін таныстырылған латын әліпбиі нақты шешім емес. Бұл мәселе әлі де қоғам талқысынан өтеді. 2017 жылдың аяғына дейін жаңа әліпби қабылдануы керек.
Авторы: Гүлжан Марқабаева
Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Қазақстан және әлем жаңалықтары

Жаңалықтарға жазылу

Календарь

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.