Латын әліпбиіне көшу туралы зиялы қауым пікір білдірді - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Латын әліпбиіне көшу туралы зиялы қауым пікір білдірді

  • Дүйсенбі, 11 Қыркүйек 2017 20:00

Парламентте талқыланған маңызды мәселеге қатысты еліміздің өңірлеріндегі тіл мамандары, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері өз ойларын білдірді.

Барлығы бірауыздан бұл еліміздің жалпы дамуына қажетті қадам екендігін алға тартуда. Дүние жүзінде бүкіл ақпараттың 70 пайызынан астамы латын әліпбиінде таратылатынын ескерсек, Қазақстан үшін латынға көшудің пайдасы өте көп. Сондай-ақ бұл өзгеріс қазақ тілінің дамуына да өз үлесін қосады дейді мамандар.

«Тіл – тірі құбылыс. Ол да кәдімгі тірі ағза секілді жаратылады, дамиды, тарайды. Егер қамқорлық болмаса, ол өзінің иммунитетін жоғалтады», – дейді Жетісу мемлекеттік университеті қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, латын әліпбиіне өту жөніндегі сарапшы топтың төрайымы Айна Рахимова.

Тілші-маманның айтуынша, латын әліпбиіне өту – тіліміздің фонологиялық, лексикологиялық және терминологиялық жағынан дамуына бірден-бір кепіл бола алады. 

Айна Рахимова, Жетісу мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі:

– Тілдің өзі арқылы адамның дыбыстық ойды қолданудағы энергиясын үнемдеуі сияқты үдерістер бар. Сол жағынан біз ұтамыз. Және ең бастысы өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді айқындайтын төл дыбыстарымызды анық, айқын түрде айта аламыз.

Маманның бұл ойын белгілі саясаттанушы Дос Көшім де қолдап отыр. Солтүстік Қазақстан облысына арнайы барған саясаткер жергілікті жұртшылықпен кездесіп, осы сұрақ төңірегінде сөз қозғады. Оның пайымдауынша, латын графикасы қазақ тілін халықаралық дәрежеге көтермек.

Дос Көшім, қоғам қайраткері:

– Біздің әліпбиімізге өзгеріс енгізетін уақыт келді. Бұл шындығында да таза тілдік тұрғыдағы келген қажеттіліктен туып отыр. Біреулер орыс әлемінен қашу дейді, біреуі түрік әлеміне жақындау дейді. Менің ойымша, негізгі орынға шығып отырған біздің өзіміздің тілдік қажеттілік. Қолдану жағынан келетін болсақ, тілші есебінде мен ежелеп оқи аламын. Өйткені филология факультетінде оқыған уақыттан білемін. Және адамдардың оқып, үйреніп кетуіне өз басым ешқандай қиындық келтірмейтініне сенемін.

Еліміздегі көмірсутегі шикізатының 60 пайыздан астамы Атырау облысынан өндіріледі. Мұнда қазір 600-ге тарта шетелдік және бірлескен компаниялар жұмыс істеп жатыр. Сондықтан мұнайлы өңір үшін латын әліпбиіне көшу кезек күттірмейтін іс. Бұл дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Атырау облыстық филиалының төрағасы Өтепберген Әлімгереевтің пікірі.

Өтепберген Әлімгереев, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы:

– Руханияттың барлық саласында біз өзге елдермен, инвесторлармен басқа да шетел азматтарымен жұмыс істеп отырмыз. Шетелдермен жұмыс істеу үшін бұл мәселенің маңызы зор. Біздің жазу-сызу құралдарымыздың, көшедегі жарнамамыздың, маңдайшалардағы жазулардың латын тілінде жазылуың тереземіздің ашылып, жақындай түсуімізге септігін тигізеді.

Ал Ертіс өңірінің зиялы қауым өкілдері латын әліпбиіне көшу бойынша түсіндіру жұмыстарын қолға алмақшы. Бұл іспен арнайы құрылған сараптамалық топ айналысады. Оның құрамына 20-дан астам білікті маман, филологтар, сондай-ақ тіл жанашырлары кірген. 

Рыскүл Шақаман, филология ғылымдарының кандидаты, профессор:

– Бұл жерде қазақ тілі сөздері өзінің буын үндестік үйлесімдігі жағынан әлі де болса тереңдеп дами бастайды. Яғни үйлесімділігін табады. Ал қазіргі күннің өзінде кириллица таңбасында дыбыс үндестігіне қатысты бір ескертулеріміз бар. Әлі де болса бұл жерде кириллица таңбасының кейбір жағдайлары үйлеспей жатқан жерлері көп. Осы жағынан келгенде біз ұтамыз.

Латын әліпбиі – Ұлы дала елін әлемдік өркениетпен қабыстыратын алтын көпір. Латынға оралу заман талабынан туындап отырған қажеттілік, – дейді педагогика ғылымдарының кандидаты Рауан Бегалиева.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында еңбек ететін ұстаз шәкірттеріне жаңа әліпбиіміздің құндылықтарын түйсіндіруге атсалысып келеді. Дүниежүзі халқының 80 пайызы қолданатын латын әрпіне көшу озық инновациялар мен жаңа технологияға бір табан жақындаудың белгісі. «Осы арқылы электронды ақпарат құралдарын да жылдам игеруге болады», – дейді ғалым.

Рауан Бегалиева, ОҚМПИ ғалым хатшысы:

– Латын әліпбиіне көшу саясатын Елбасы бекер бастап отырған жоқ. Мұның тиімді жақтары өте көп. Жапон елі мәселен өзінің IT технологиясында және ғылым саласында латын әліпбиін екінші әліппе ретінде қолданады. Қытай елі де өздерінің ироглифтерімен қатар, осы латын әліпбиін пайдаланады.

Авторлары: Нұржан Мергенбай, Тілеуқабыл Мыңжасар, Самат Қайырденұлы, Арыстанбек Кенже, Ақмарал Есімханова, Нұрбек Байбосын

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Қазақстан және әлем жаңалықтары

Календарь

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.