ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

«Сандық электр станциясының» жобасы жасалды

«Сандық электр станциясының» жобасы жасалды

Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен Цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты «Цифрлы электр станциясының» болашақ жобасымен таныстырды.

Тың бастаманың тиімділігі неде? Жоба кәсіпорын жұмысын қаншалықты жандандырмақ?

«Самұрық-Энерго» АҚ General Electric компаниясымен сандық платформа құруды қарастыруда. Жоба аясында кәсіпорындарды автоматтандырып, бір орталықтан басқару көзделген. Жалпы сандық транформация үлкен компаниялардың цифрлық көшірмелерін құруға мүмкіндік береді. Мониторинг, диагностика, барлығы да сандық жүйе арқылы жасалады.

Алмасадам Сәтқалиев, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:

- Сараптамалық агенттіктердің тәжірибесіне сүйенсек, сандық жүйелерді пайдалану шығынды 25%-ға азайтып, еңбек өнімділігін еселейді. Ал зиянды заттардың қоршаған ортаны ластауын 3%-ға кемітпек.

Әзірге энергетикада адам факторының әсері мол. Ақпараттарды жинау, кәсіпорынды басқару, энерго нысандарға тапсырма беру, барлығы да адамның тікелей қатысуынсыз жүзеге аспайды. Ал сандық жүйе кәсіпорынның жұмысын жандандырады. Тіпті қондырғыларды жөндеуге кететін уақытты 13%-ға қысқартып, кәсіпорынның жоспардан тыс тоқтап қалуын 5%-ға кемітеді. Нәтижесінде «Сандық электр станциясы» операциялық тиімділікті арттырады. Бұл компанияның табысын ұлғайтып, беделін көтермек.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Мейрамбек Ақмаханов