ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Мәжілісте «Қару саудасы» туралы құжат мақұлданды

Мәжілісте «Қару саудасы» туралы құжат мақұлданды

Қазір Қазақстан 9 халықаралық қаржылық ұйымға мүше.

Ал бүгін олардың саны тағы біреумен толықты. Бүгін Мәжілістің пленарлық отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов депутаттардан Қазақстанды Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің мүшелігіне өтуін қолдауды сұрап келді. Мәжілісмендер мақұлдады. Министр бұл банктің басқалардан екі артықшылығын атап өтті. Оның бірі банк энергетика саласындағы жобаларды қаржыландырады, екіншісі төл валютамен қарыз береді.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі: 

- Қазақстанда әлі өкілдігі жоқ. Сондықтан нақты бір жоба жоқ. Бірақ бұл біздің мақсатымыз. Сондай жобаларды тауып, банкке енгізу, ұсыну.

Сондай-ақ бүгін мәжілісмендер «Қару саудасы туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Аталған шарт 2013 жылдың 2 сәуірінде Нью-Йоркте жасалған. Заң жобасы қару-жарақтың заңсыз айналымын шектеуге арналған. Себебі статистика сүреңсіз. Заңсыз қару-жарақтың салдарынан жыл сайын әлемде 750 мың адам ажал құшады екен. Заңсыз қару саудасының айналымы 70 млрд доллардан асып жығылады.

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

- БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде біз мұндай бейбіт бастамашылықты қолдауымыз дер кезінде әрі орынды. Шарттың қабылдануының маңызы зор. Сондай-ақ еліміздің өңірдегі, әлемдегі тұрақтылықты, тыныштықты қалыптастырып, одан әрі нығайтуға мүдделілігін көрсетеді.

Криптовалюта жүйесі жарға жығып жүрмесін. Бүгін Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов соңғы кезде танымал бола бастаған криптовалюталар мәселесін бақылайтын арнайы органды анықтауды сұрап, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің атына сауал жолдады. Депутат виртуалды ақшаның артында үлкен тәуекелдің тұратынын айта келе, криптовалюта халықты үлкен шығынға ұшыратуы мүмкін деген қауіп айтты.