ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Мұхтар Құл-Мұхаммед жаңа қазақ алфавиті үш мәселені шешіп беретінін мәлімдеді

Мұхтар Құл-Мұхаммед жаңа қазақ алфавиті үш мәселені шешіп беретінін мәлімдеді

Бүгін Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының мүшелері латын қарпіне көшу мәселесін қолдап, халыққа үндеу жариялады.

Себебі тілдің фонетикасы мен графикасы сәйкес келуінде үлкен мән бар, барша қазақстандық жаңа нұсқаны талқылауға белсене қатысуы керек. 

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жаңа қазақ алфавиті үш мәселені шешіп беретінін мәлімдеді. Отырысқа Парламент депутаттары, тіл мамандары, тарихшылар да қатысты.

Солтүстік, Оңтүстік Африка, Жерорта теңізі жағасындағы елдер, Тынық мұхиты мемлекеттерінің барлығы латын қарпін пайдаланады. Әлемнің 80% елі латын қарпімен жазып-сызады. Қазақ елі де осыған бет бұрмақ. Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті жиынын ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жаңа әліпбимен қоғам санасы да өзгеретініне сенімді.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Ұлт тағдырына қатысты кез келген мәселені он ойланып, жүз толғанып, өзіне ғана тән дархан даналықпен кемел шешім қабылдайтын Елбасымыз латын алфавитіне көшуге келгенде тағы да кемеңгерлік танытты. Бұл тек әліпби ауыстыру емес, бар қазақтың бойына ана сүті, әке тәрбиесімен даритын қазақ тілін заманға сай жаңғыртудың кешенді жүйесін, дұрыс сөйлеу мен жазу мәдениетін қалыптастыру деп білемін. Ендеше латынға көшу Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғырудың» берік іргетасы деп білемін. 

Сондай-ақ жаңа қазақ әліпбиінің тиімді үш тұсы айтылды. Ең алдымен, жастардың ағылшын тілін жылдам үйренуіне сеп, екіншіден, әлем тілдеріндегі ғылым-білімді еркін игеруге жол ашылады, үшіншіден, жер жүзіне тарыдай шашылған бар қазақтың басын қосады. «Оған грамматиканың жетілдіріліп, тілдің жаңғыра түсетінін қосыңыз», – дейді коалиция мүшелері. 

Жамбыл Ахметбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жеңіл оқылады екен. Орыстілді халықтар да, қазақтар да оқи алады. Түріктермен, әзербайжандармен тілдеріміз ұқсас болғандықтан, олардың тілдерін тез түсіне бастаймыз, сондықтан біз осы нұсқаны қолдаймыз деп шештік.

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас». «Әліпбиді, емле мен ережені ел болып талқылайық», – дейді лингвист ғалымдар мен тіл мамандары.

Әлімхан Жүнісбек, филология ғылымдарының докторы: 

- Бұл талқылау әлі біткен жоқ. Елбасы әлі қол қойған жоқ, болды, бітті деп түсінбеу керек. Кішкене шыдау керек, ертең мұның емле-ережесі дайындалады.

Құрамына 5 саяси партия, 17 қоғамдық бірлестік, 500-ден астам үкіметтік емес ұйым өкілдері кіретін коалицияның мүшелері жаңа әліпбиге көшуді бірауыздан қолдайды. Сөйтіп коалициядағылар халықты алфавиттің бірыңғай стандартын талқылауға шақырып үндеу жолдады.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Бекболат Базаров