ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Оңтүстік өңірден Көкшетауға 99 адам қоныс аударады

Оңтүстік өңірден Көкшетауға 99 адам қоныс аударады

Ішкі көші-қонды реттеуде де іргелі жұмыстар атқарылып жатыр.

Ілгерілеу бар. Халқы тығыз өңірлерден халқы сирек орналасқан өңірлерге қоныс аударушылар артып келеді. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының 99 тұрғыны Көкшетауға көшеді. Олар полимерлі қаптама шығаратын зауытта жұмыс істейтін болады.

Азамат Досымбеков Шымкенттің іргесіндегі мөлтек аудандардың бірінде тұрады. Жұбайы Марта екеуі 5 ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Ұлдарының алды мектепке барады. Жас отбасының нақты кәсібі жоқ. Отағасы бала-шағасын асырау үшін табылған жұмысты істеп, күнелтеді. Тапқан табыс ас-ауқаттан артылмайды. Жақында теледидардан Көкшетаудағы зауытқа жұмысшы керек екенін естіпті. Енді сонда түбегейлі көшуге бел байлапты.

Азамат Досымбеков, Шымкент қаласының тұрғыны:

-Зауыт бар дейді. Өздері бір ай оқытып, жұмыс береді. Бір жерде 10-15 жыл жұмыс істеп, өтіл жинап, көтерілу дегендей жоспар бар.

Марта Досымбекова, Шымкент қаласының тұрғыны:

-Жұмысымыз алға жүріп, бала-шағаны өсіріп, сонда қалсақ деген мақсатпен отбасымызбен бірге барайын деп отырмыз.

Көкшетаудағы бұл өндіріс ошағының жұмысы бүгінде қарқын алып келеді. Мұнда жылына 3 млн данаға дейін дайын өнім шығарылады. Қапшықтар сұранысқа ие. Сондықтан кәсіпорын жұмысшылар қатарын көбейтіп, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Ал Оңтүстіктен келгендерге алдымен тұрақты жұмыс пен жайлы баспана ұсынылмақ.

Руслан Құдабай, кәсіпорын өкілі:

-Алдағы жылдың қаңтар айында жатақхана пайдалануға беріледі. Оған дейін ОҚО-дан келген жұмысшыларға пәтер жалдап береміз. Олар тек коммуналдық қызметтердің ақысын ғана төлейді. Сондай-ақ отбасылы адамдарға балаларын балабақша мен мектепке орналастыруға көмектесеміз. Ал келешекте жатақхана жанынан өзіміздің жеке балабақшамызды ашу да жоспарда бар.

Қазір фабрика жанынан 450 орындық жатақхана салынып жатыр. Тамақ та тегін болады. Алғаш келген бетте жұмысшылар бір айлық оқыту курсынан өтеді. Оған фабрика шәкіртақы төлейді. Жұмыс бастаған кезде Оңтүстіктен келген кадрлардың орташа жалақысы 130 мың теңгенің шамасында болмақ.

Мұхит Отаршиев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

-Қазіргі таңда бізде нақты 99 адамнан тұратын тізім бар. Ол жерде азаматтардың мамандығы, туған жылдары және байланыс телефон нөмірі толығымен көрсетілген. Біз осы тізімді «Новопэк» компаниясына жіберіп отырмыз. Жұмысқа барған жағдайда азаматтарымыз қандай жалақы, қандай көмек көрсететіндіктері, жатақхана, тамақтану мәселелері бойынша өздерінің ұсыныстарын айтқан болатын.

Бұл зауытқа қазір машинист, оператор мен тігінші ауадай қажет. Кәсіпорында маман тапшылығынан бірқатар қондырғы тоқтап тұр.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Дамир Шайдаров, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов