Елімізде киіктерге спутниктік мойынжіп тағу науқаны басталды - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Елімізде киіктерге спутниктік мойынжіп тағу науқаны басталды

  • Сейсенбі, 19 Қыркүйек 2017 20:59

Бір ай ішінде мамандар 50-ге жуық ақбөкенге қарғыбау салмақ. Соның көмегімен сайын дала серкелерін бақылап отырады.

Индира Жылқайдарова, тілші:

-Наргиз. Мамандар қарғыбау тағылатын әр ақбөкенге ат береді. Мынадай құрылғыларды мойнына іліп, кейін спутник арқылы бақылауға алады. Биылғы күз маусымында 48 мойынжіп салынбақ. Жалпы қазақ киелі көретін киікті қызғыштай қору шарасы 2009 жылы басталыпты.

Кезінде сары далада миллиондап мыңғырған жезкиіктің саны бүгінде 200 мыңға жетер-жетпес қана. Бетпақдала, Үстірт, Орал аймақтарын мекендейді. «Қызыл кітапқа» енген жануарларды қазір 220 инспектор бақылап отыр. 2 жыл бұрын 150 мыңдайы індеттен қырылды. Мамандар ендігі олардың әр қадамын бағуға кірісті.

Қыркүйектің жылымық күні. Сайын даланың серкелерін іздеп, мамандар тағы жолға шықты. Бөкендерге спутниктік мойынжіп орнатудың машақаты көп.

Сылдыр-сыбдырға селк ететін сезімтал жануар қауіптің барын 10 шақырымнан сезеді. Бейқам жүрген олар үркіп, бір жерге жиыла қалады екен. Мотоциклші кедір-бұдыр қыр жолында ор қояндай секіріп, көк жорғадай шапса да, жануарға да жан керек, орғып, оза қашады. Тор құрған жігіттер жер бауырлап жатыр. Ақыры ілікті-ау. У-шусыз іске кіріспесе, жануардың жүрегі жарылып, өліп кетуі мүмкін.

Индира Жылқайдарова, тілші:

-Иә, бұл жерде қазір қатты дауыстап сөйлеуге де болмайды. Міне мамандар ен даланың еркесін омақаса құлатты. 3 минутта қамыт салып, еркіне жіберіп үлгеруі тиіс. Әйтпесе жануар күйзеліске ұшырайды екен.

Шошытпай көзін байлап, тыныштандыратын екпе салып, қан алды. Дене қызуын, салмағын өлшеді. Жалпы қарғыбау тек күзде салынады. Себебі «құралай салқынында» олар төлдейді, ал жазғы ыстықта ұстауға тыйым салынады.

Альберт Сәлімгереев, Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының жетекші маманы:

-Мақсатымыз – спутниктік жүйе арқылы ақбөкендердің көші-қонын, олардың көбею үрдісін бақылау. Бөкендердің төлдеп, жайылатын жерлерін зерттейміз.

«Атты екен қандай мерген көзі қиып, бота көз сахарада қына терген, кім екен жапан түзде сені көрген», – деп «Ақсақ киікте» жырланғандай, мүйізіне бола даланы қан сасытқан браконьерлер көп. Биыл 36 факті тіркелген. Қара нарықта бір келі мүйіз – 1 млн теңге. Ол үшін аталық 3 киікті сұлатса, есептей беріңіз. Киіктің киесі атады. Қорықпай, пайдаға қарқ болғандар ұсталса, 5 жылға дейін түрмеге тоғытылады.

Ерлан Әбдрахманов, «Охотзоопром» РМҚК орталық филиалы басшысының орынбасары:

-Киіктің мүйізінің бағасы 1 миллион теңгедей. Соған қызығып шығады ма?

Бүгінде сары далада сағымдай жүйткіген 130-ға жуық бөкен бақылауда. Біз бұл сапарымызда киік өрген беткейдегі көлден құстың киелісі аққулар мен қызғылт қоқиқаздарды да көріп қайттық.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Қанат Әбілдин

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Қазақстан және әлем жаңалықтары

Календарь

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.