Қазақстанда қарияларды қолдауға 5 млрд теңге қарастырылған - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Қазақстанда қарияларды қолдауға 5 млрд теңге қарастырылған

  • Жексенбі, 01 Қазан 2017 10:17

Дүние жүзінде Халықаралық қарттар күні аталып өтуде. Мұндағы басты мұрат - егде жастағы жандарға қамқорлық танытуға қоғам назарын аудару.

Мемлекет ардагерлер алдындағы борышын терең сезінеді. Күнделікті қамқорлық пен қолдауды қажет ететін асыл парыз бүгінде Үкімет ұстанған әлеуметтік саясаттың бір бөлігіне айналып отыр. Әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі ұстыны зейнетақымен қамсыздандыру болып саналады. Заңнамада жыл сайын зейнетақы төлемдерін инфляция деңгейінен 2%-ға артық мөлшерде индексациялау көзделген. Сонымен қатар 2017 жылғы 1 шілдеден бастап, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға дейін өсімін қамтамасыз ету үшін жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі ұлғайтылды. Зейнеткерлердің кедейлікке ұшырауының алдын алу және азаматтардың экономикалық белсенділігін ынталандыру аясында 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап, базалық зейнетақының тағайындау тәртібі өзгереді және ол еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесінде қатысу өтіліне сәйкес тағайындалатын болады. Сондай-ақ 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, күнкөріс деңгейінің құрамын қайта қарау нәтижесінде оның өлшемі 2017 жылмен салыстырғанда 16%-ға дейін артып, бұл тиісінше базалық зейнетақының, мүгедектер, асыраушысынан айырылған отбасыларға әлеуметтік жәрдемақылардың, мүгедек балаларды тәрбиелеушілерге берілетін жәрдемақылардың және атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін арттыруға септігін тигізеді. Жалпы ағымдағы жылы жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 5 млрд теңгеден астам, оның ішінде бір жолғы материалдық көмек ретінде 2,3 млрд теңге (160,2 мың адам); қоғамдық көлікте жеңілдетілген тәртіпте жол жүруге 854,1 млн теңге (120 мың адам); арзан бағада дәрі-дәрмекпен қамсыздандыруға 124,8 млн теңге (19,2 мың адам); тіс жөндеуге 107 млн теңге (1,6 мың адам); шипажай нысандарында емделуден өтуге 1 млрд теңге (15,1 мың адам); тұрғын үйді жөндеуге 14,6 млн теңге (171 адам); отынмен қамтуға 119,6 млн теңге (5,2 мың адам); көмектің басқа да түрлеріне 394,8 млн теңге (42,2 мың адам) қаражат жұмсау жоспарланған.

Қазіргі таңда жергілікті бюджет есебінен қарт азаматтар мен мүгедектер арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда 110 стационарлы интернат үй, 53 күндізгі стационар жұмыс жасайды, олардың қызметімен 3,5 мыңнан астам егде жастағы адам қамтылған. Әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері үйде шамамен 44 мың қария мен мүгедекке қызмет көрсетуде. Бұдан тыс қарт адамдарды, соның ішінде жалғызбасты және тасымалдауға келмейтін адамдарды күндізгі стационар мен үй стационары жағдайында емдеуге жағдай жасалуда. Бүгінде Қазақстанда 2,1 миллионнан астам жасы келген зейнеткер өмір сүреді.

Еске сала кетсек, 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 1 қазанды Халықаралық қарттар күні деп белгілеген.

egemen

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Қазақстан және әлем жаңалықтары

Календарь

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.