Елімізде бензин бағасы құбылып тұр - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Елімізде бензин бағасы құбылып тұр

  • Дүйсенбі, 02 Қазан 2017 19:00

Соңғы күндері ел аумағында жанармай тапшылығы сезілді.

Кей аймақтарда қымбаттады. Тіпті отын талонмен таратылған өңірлер де бар. Себеп деп отандық мұнай өңдеу зауыттарының жөндеуге жабылғандығы айтылды. Сосын көрші Ресейден әкелінген бензиннің өзіндік құны қымбат делінді. Басы ашық қалған сұрақ біреу еді. 

Қазақстанда мұнай өңдейтін 3 зауыт бар. Қазір Павлодардағы зауыт жөндеуге тоқтап, Атыраудағы зауыт жөндеуден кейін іске қосылып жатыр. Тек Шымкенттегі зауыт толыққанды жұмыс істеп тұр. Ал оның қауқары республиканы толық қамтуға жетпейтіндіктен, бензинді қазір көрші Ресейден тасымалдауға мәжбүрміз. Бағаның шарықтағаны да сол тасымал құнының қосылғанынан болса керек.

Елордада АИ-92 маркалы бензиннің бағасы көтерілмеген. Литріне – 147 теңге. Жанармай тапшылығы да жоқ. Яғни бензин талонмен таратылып жатқан жоқ. Алайда өңірлердегі жағдай басқа. 

Мәселен, ел ішіндегі жанармай бекеттерінде АИ-92-нің бағасы әртүрлі. Мәселен, «Гелиоста» 150, «Қазмұнайгазда» 147, «Royal Petrol-да» 148, «Sinooil-да» 146 теңге. Ең қымбат бензин бағасы Қостанайда тіркелді. Бір литріне 155 теңге.

Бір апта бұрын баға 147 болса, облыс орталығында қазір ең арзан баға – 149 теңге. Бірақ ол тек талон арқылы беріледі. Көлік иелері бұл жағдайға наразы.

Рымбек Шаймерденов, қала тұрғыны: 

– Бір жетіде 5 теңгеге өсті. Отбасымызға зияны бар. Әйелім де, мен де жұмыс істеймін, дегенмен ай сайын бір көлікке 4-5 мың теңге көп болады. Оның үстіне баға көтеріліп жатыр.

Тапшылық жоқ болса да, АИ-92 маркалы бензиннің бағасы Алматыда да қымбаттады. Қалада бұл бензиннің литрі 147-151 теңгенің арасында сатылып жатыр. Көлік жүргізушілері жанармайдың қымбаттауы өзге заттардың бағасына әсер етеді деп алаңдаулы.

БЛИЦ:

– Көбісі газ қойдырып жатыр. Барлығымыз газға ауыссақ па деп жатырмыз. Бірақ ертең газды да қымбаттатып жібере ме деп алаңдаулымыз.

– Баға көтерілгені қалтамызға әсер етеді. Бізге жүру қиынға түсіп кетті. Күніге балаларды балабақшаға, мектепке апарамыз. Ақша табу да оңай емес.

Ал Атырау облысында бензин мәселесі бүгін тұрақтанды. Жалпы өңірдің айлық жанармай қажеттілігі – 20 мың тонна шамасында. Бүгінде қорда АИ-80-ннің 70, АИ-92-нің 2100, АИ-95-тің 540 және дизель отынының 950 тоннасы сақтаулы тұр. Десе де, жанармай бағасында 3-5 теңгеден өсу бар.

Жұмабай Қарағаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– Бүгінгі күні Атырау облысы бойынша 102 автобекет ішкі нарықтық бағамен жанар-жағармаймен қамтамасыз етеді. Атырау қаласында 60, аудандарда 42 автобекет бар. Бүгінгі күні бұл жағдай қолға алынып, барлық жерде бензин бар.

Ал Павлодар облысында дизельді отынның бағасы литріне 155 теңгеге дейін қымбаттаған. Салдарынан қоғамдық көліктегі жол ақысының бағасы да шарықтайын деп тұр. Себебі өңірдегі автобус паркіне қарасты қоғамдық көліктердің 90%-дан астамы дизелмен жүреді. Мәселен, жеке кәсіпкер Марат Асқаров жуырда жалға автобус алып, жергілікті тасымал мекемесімен келісімге отырып, маршрутқа шыққан. Ай сайынғы табысын дизелдің бұрынғы бағасымен байланыстырып қойған жүргізуші енді шығынға бататынын айтады.

Марат Асқаров, жеке кәсіпкер:

– Қазір жанармай бағасы екі есе қымбаттады. 16 сағат әйеліммен жұмыс істейміз. Кейде қарызға да кіріп кетеміз. Жолақы – 70 теңге, дизель отыны – 150. Енді мына мәселені әкімшілік шешу керек қой.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, жөндеудегі Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты алдағы қараша айында қайта іске қосылады. Сондай-ақ Атыраудағы зауыт та толық күшімен жұмыс істейді. Яғни бензин бағасының қайта төмендеуі әбден мүмкін.

Авторы: Жұрағат Баман

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Қазақстан және әлем жаңалықтары

Календарь

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.