ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Сенат депутаттары жұмыс сапармен Маңғыстау облысына барды

Сенат депутаттары жұмыс сапармен Маңғыстау облысына барды

Дариға Назарбаева бастаған бір топ депутат Маңғыстау облысында жүр.

Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Ақтау теңіз портында көшпелі жиын өткізді. Күн тәртібінде теңіз арқылы келетін қауіп-қатерге тосқауыл болатын әскерилердің әлеуетін арттыру сөз болды. Лаңкестерге тойтарыс беруде Қазақстанның әскери теңіз күштері Каспий маңы елдерінен қалыспауы керектігі айтылды. Осы мақсатта Оралдағы кеме құрастыру зауытының бөлімшесін Ақтауда ашу жөнінде ұсыныс көтерілді. Мұнда жауынгерлік кемелерден бөлек, теңіздегі мұнай платформаларында тілсіз жаумен күресуге қажет су көліктерін де құрастыруға болар еді. Жан-жақты зерттеуді қажет ететін бұл жоба алдағы күндері Сенат қабырғасында қаралмақ.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламент Сенатының комитет төрайымы:

– Маңғыстау мен Атырау облыстары ел экономикасының негізгі күретамыры болып саналады. Қазақстан теңіз күштерінде 7 кеме, 700-дей теңізші бар. Ал көршілес мемлекеттің флотында 59 кеме мен мыңнан астам адамның болуы ойландырады. Сондықтан да еліміздің ҰҚК мен Қорғаныс министрлігі кемінде үш жылдық даму жоспарын жасақтап шығаруы тиіс. 

Талғат Мұсабаев, ҚР Парламент Сенатының депутаты, халық қаһарманы:

– Отандық өндіріс орны шағын әскери кемелерге ішкі сұранысты уақытымен өтеп келеді. Дегенмен Жайық өзенінің деңгейі жыл санап төмендеуін ескеруіміз керек. Сондай-ақ Ақтау мен Құрық теңіз порттарының дамыту қолға алынғалы азаматтық қолданыстағы су көліктеріне сұраныс та көтерілді.