Метадон терапиясы: Пайда ма, әлде зиян ба? - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Метадон терапиясы: Пайда ма, әлде зиян ба?

  • Сейсенбі, 03 Қазан 2017 21:32

Елімізде метадон терапиясы тәжірибеге енгелі 10 жылдың жүзі болды. Содан бері оның төңірегіндегі пікірталас бір сәтке толастаған емес. Депутаттар мен ішкі істер министрлігі өкілдері бұл препараттың қауіптілігін айтып дабыл қақса, денсаулық сақтау саласының мамандары тәжірибенің оң нәтижесін айтып жүр. Есірткіге тәуелділіктен емдеудің бұл жолы пилоттық бағдарлама ретінде еліміздің бірнеше өңірінде әлі күнге жалғасып жатқанын айта кеткеніміз жөн. Сонымен. Метадон: ия немесе жоқ?

Олегтің есірткіге қалай тәуелді болғаны есінде жоқ. Бір рет егілді, екінші рет... Өзінен де, отбасынан да береке қашты. Туған-туыстары облыстық диспансерге алып келіп, метадон терапиясымен емдеуге кірісті. Олег те тырысты. Осымен екінші жыл күнде таңертең диспансерге келіп, дәрісін ішіп, жұмысына кетеді.

Метадон бағдарламасына табанды қарсылық танытып жүрген Мәжіліс депутаттарының бірі Меруерт Қазбекова болды. 4 жылдан бері метадон тәжірибесін тоқтату туралы тынбай айтып келеді. Сан депутаттық сауалдың авторы метадон терапиясының нәтижесіне күдікпен қарайды. 

Меруерт Қазбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

-Метадон терапиясы жөнінде қорқынышты мәліметтер келіп түсуде. Тәуелсіз сарапшылар осы бағдарлама қатысушыларының арасында өлімнің жиілеп кеткенін айтады. Бұл препараттан Голландия, Швейцария, Австралия да бас тартты. Көрші Ресей де бұл препаратқа тыйым салған, Өзбекстан метадон бағдарламасын тоқтатып, қалғанын біздің елге гуманитарлық көмек ретінде жіберді. Қырғызстанның депутаттары осы препаратты шығаратын зауытты құрылысына қарсы шықты.

Қазір елімізде есірткіге тәуелділердің саны шамамен 30 мыңға жуық. Метадомен емдеуді Қазақстан осыдан 9 жыл бұрын еліміздің 8 қаласында қолға алды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, пилоттық жоба жүргізілген кезде 1141 қатысушының 875-і бағдарламадан бас тартқан. Себебі бағдарламаның өз шарты бар. Метадон сұйықтығын ішсең, басқа препараттар қабылдамауың керек. Көбісі шыдамайды, шорт сынады. Алайда, құлан-таза айығып шыққандар да аз емес. Министр метадоннан бас тартпаймыз деп отыр.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

-Метадон – емнің ғылыми дәлелденген әдісі. Дәстүрлі әдіспен емделе алмайтын тәуелді адамдар үшін бұл бағдарлама үлкен көмек. Осы жылдар ішінде мыңнан астам адам бағдарламаға қатысты. 25%-ы әлі қатысып жатыр, қалған 25 пайызы толығымен емделіп шықты. Яғни бұл бағдарлама 50% нәтиже берді деуге толық негіз бар. Бұл дәстүрлі емдеу әдістеріне қарағанда жоғары көрсеткіш. Сондықтан біз бұл бағдарламадан бас тартпаймыз.

Шығыс Қазақстан облысындағы наркологиялық диспансерде 3 мыңнан астам адам есепте тұр. Наркологтардың айтуынша, есірткіге есі кеткендердің саны қазір 10 жыл бұрынғымен салыстырғанда 20 пайызға азайған. Облыстық диспансер 2011-жылдан бері метадон терапиясын қолданып келеді.

Ғабдылманап Оспанов, облыстық наркологиялық диспансердің бас дәрігері:

-Нәтижесі бар. 2011 жылы программа ашылған кезде нарколог дәрігерлердің көбі, мен өзім қарсы болғанмын. Неге десеңіз, біз оны түсінбедік, қалай болады, не болады білмедік . Бірақ енді байқап отырмыз, көз алдымызда күнде таңертең осы емхана келіп, осы дәрілерді пациенттер қабылдайды. Талай жұмысқа орналасты, жанұя құрды, әйел адамдар босанды, кішкентайлы болды. Мұны бәрібір нәтиже деп есептейміз.

Есірткіге еліткендерді емдеуде 30 жылдан астам тәжірибесі бар, нарколог Ғабдылманап Смағұловтың айтуынша, метадон жүйесінің нәтижелі болуы науқастың өзіне ғана байланысты. Ең бастысы дәрігерлердің кеңесін тыңдап, кесте бойынша ем-дом қабылдауы шарт. Бас дәрігер метадон қымбат адам өмірін сақтаудың арзан әдісі екенін айтады. Мысалы, есірткіге тәуелді бір адамды диспансерлік жағдайда емдеу үшін  бір тәулікте кем дегенде 5-6 мың теңге жұмсалады. Ал метадонның бір дозасы 170 теңге тұрады. 

Ғабдылманап Оспанов, облыстық наркологиялық диспансердің бас дәрігері:

-Күнде таңертең келеді осы біздің мекемеге. Дозировканы қабылдайды, медбикенің көз алдында, бейнекамера тұр. Содан кейін жұмысына барады.

Қазір Өскеменде метадонды 52 адам қабылдап жүр. Солардың бірі Константин.

Константин, бағдарламаға қатысушы:

-Бағдарлама жабылып қалса 50 адам қайда барады? Олар тағы да сол көшеге шығып, ұрлық жасайды, тағы да ине егеді, тағы да есірткі іздеп «аһ» ұрады. Бұл жай ғана бағдарлама емес, бұл түберкулезбен күрес, барлық ауру түрлері мен қылмыс азаяды.

Олег, бағдарламаға қатысушы:

-Бұл бағдарламаға қарсы шығып жатқандар – бұл проблемамен бетпе-бет келіп көрмегендер. Егер метадонның көмегімен бір нашақор сауығып шықса, оның өзі үлкен жетістік. Себебі, оның артында анасы, әйелі, бала-шағасы тұр. Яғни тұтас бір отбасыны құтқарады деген сөз.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

-Сонымен метадон: ия не жоқ? Біздің қоғамда екеуінің де үлес салмағы бірдей. Дегенмен, соңғы жылдары осы әдісті қолдайтындар қатары артып келеді. Ал 2018 жылдан бастап, метадонды сатып алу мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуі әбден мүмкін.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин, Қанат Әбілдин.

Жалпы ересектердің есірткіге тәуелділігі болашақ балаларының денсаулығына әсер етпей қоймайды. Ресми статистикаға көз жүгіртсек, 80 пайыз жағдайда нашақорлардың сәбилері дүниеге дімкәс не кемтар болып келеді екен.

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Қазақстан және әлем жаңалықтары

Календарь

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.