ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Қарағанды облысындағы бес елді мекен жер астына түсіп кетуі мүмкін

Қарағанды облысындағы бес елді мекен жер астына түсіп кетуі мүмкін

Жезқазған өңіріндегі Рудник, Весовая, Крестовский секілді бес бірдей елді мекеннің 6 мыңға жуық тұрғыны Сәтбаев қаласына көшіріліп жатыр.

Бұл жұмыс алдағы жылы аяқталуы тиіс. Себебі бұл ауылдардың асты шахта болғандықтан, шөгіп кету қаупі бар. «Бірақ тұрғындарды тұрғылықты жерінен қозғау қиынға соғып отыр», дейді жергілікті билік өкілдері.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

– Бас-аяғы 3 жылдың ішінде Сәтбаев қаласында тұтас бір аудан бой көтерген. «Нұрлы мекен» деп аталатын бұл жерге келешекте апатты деп танылған 5 ауылдан 2800-ден астам отбасы көшіріледі. Ал әзірге 500 жанұя қоныстойын тойлаған.

Жаңа ауданға ең алғашқы болып көшіп келгендердің бірі – Владимир Трубачтың отбасы. Ол 30 жыл шахтада еңбек еткен. Қоныстой иесі жаңа баспананың сапасына дән риза.

Владимир Трубач, Сәтбаев қаласының тұрғыны:

– Бұл қайткенмен де қала орталығы ғой, шалғай ауыл емес. Пәтер жақсы, көңілімізден шықты. Көшіп келгеніме еш өкінбеймін.

Владимир секілді 580 жанұя бүгінгі күні жаңа пәтердің кілтін алды. Бірақ 1200 отбасы әлі де кезегін күтіп отыр. Олардың баспаналары жақын күндері салынып бітеді. Бұған қоса жаңа ауданда 600 орындық мектеп те тұрғызылған.

Бауыржан Досжан, Сәтбаев қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

– Жалпы 40 үйдің 15-і салынып, 25 үйдің құрылысы қазір жүріп жатыр. Жылдың аяғына дейін тапсырып, қолданысқа беру жоспарланып отыр.

Алайда құрылыс аяқталғанымен, 6 мың адамның кейбірі баспана алудан бас тартып, ақша талап етуде. Кейбірі тіпті үйіміз лайықты бағаланбады деп отыр. Солардың бірі Рудник кентінде тұратын Роза Ишанқұлова. Оның үйі әуелде 5 миллионға бағаланса, кейін 11 миллионға көтеріліпті. Бірақ ақша бермеген.

Роза Ишанқұлова, Рудник кентінің тұрғыны:

– Бізді өздері сотқа берді. Бағалаудың қорытындысын күтіп отырмыз. Не үй жоқ, не ақша жоқ. Қорқамыз, жан-жақтың бәрі қоқыс. Үйлердің барлығы құлап жатыр. Тапа-тал түсте қоршауларды шешіп алып кетеді, терезелерді сындырып кетіп жатыр.

Қазір қаңыраған ауылдардың күйі нашар. Ғимараттар қираған. Ал үйлердің көпшілігі жылу жүйесінен ажыратылыпты. Қыс болса қыр астында. Көштен қалған тұрғындар енді қақаған аязда қалай жан сақтаймыз деп отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов