ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Өңір өмірі: Петропавлда 16 көпқабатты тұрғын үй жылусыз қалды

Өңір өмірі: Петропавлда 16 көпқабатты тұрғын үй жылусыз қалды

Петропавл қаласындағы жылу желісі жоғары қысымнан жарылған.

Ыстық су берілген мезетте жерасты құбыры сыр беріп, 3 мыңдай адам жылусыз қалды. Тағы ондаған көпқабатты тұрғын үй, балабақша мен мектепте жылу температурасы төмендеп кеткен. Қазір оқиға орнында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала әкімінің айтуынша, ақау бүгін қалпына келтірілуі тиіс. Естеріңізге сала кетейік, кеше кешкісін шаһарда жылу құбыры жарылып, тасжол опырылып түскен еді. Көше ортасындағы орға көліктер құлап, ыстық су атқылады.

Алматы жылыту маусымына дайын

Алматыдағы мектеп, балабақша, емхана мен басқа әлеуметтік нысандарға 9 қазаннан жылу беріледі. Қаланың 70 пайызын жылумен, 50 пайызын қуатпен қамтитын 2 жылу электр орталығы 15 қазаннан барлық нысандарға жылу таратады. Қазір орталықта 270 мың тонна көмір мен 26 мың тонна сұйық отын қоры жасақталған. Бұл нысанды толықтай газға ауыстыру жоспарланып отыр. Бірақ ол экологиялық таза отынға көшсе, тариф өсуі мүмкін.

Өскемен көшелеріндегі ағаштар кесіліп жатыр

Өскемен көшелеріндегі тал-теректер кесіліп жатыр. Экологтарды бұл жұмыстардың қаншалықты заңды екені мазалайды. Қазірдің өзінде жағалаудағы ондаған шырша мен шетен ағашы бүлінген. Ол маңда жаяу жүргіншілер жолы қазылып жатыр. Дегенмен жергілікті билік жасыл желекті арнайы техниканың көмегімен басқа аумаққа көшіруге уәде етті.

Қазақстанның киелі жерлері зерттеледі

«Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында құрылған этномәдени экспедициясының сапары Солтүстік Қазақстан облысынан басталды. Ғалымдар, зерттеушілер мен қоғам қайраткерлері жергілікті өлкетанушы, археологтармен кездесіп, өңірдің киелі жерлері туралы сұрап білді. Жалпы облыста 19 тарихи-мәдени орын бар. Оның ішіндегі Абылай хан резиденциясы, Қарасай мен Ағынтай батырларының мемориалдық кешені, Қожаберген жыраудың бейіті мен Ботай қонысы республикалық картаға енген. Топ мүшелері Қазақстанның киелі жерлерін аралап, кітаптар мен электронды карта жасап шығарады.

Ақтауда «Үздік педагог» байқауы дәстүрге айналмақ

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында енді жыл сайын Маңғыстау облысы әкімінің «Үздік педагог» және «Үздік орта білім беретін ұйым» сыйлықтарының конкурсы ұйымдастырылады. Мақсат – педагог қызметінің мәртебесін арттыру, білім беру ұйымдарының үздік көрсеткіштерін насихаттау және оқытушылардың кәсіби өсуін ынталандыру.