ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Алдағы 3 жылға арналған мемлекеттік қаржының тең жартысы әлеуметтік салаға жұмсалады

Алдағы 3 жылға арналған мемлекеттік қаржының тең жартысы әлеуметтік салаға жұмсалады

«Нұр Отан» партиясы фракциясының Парламенті Мәжілісіндегі депутаттар еліміздің басты қаржы құжатын талқыға салды.

Басқосуда алдағы 3 жылға арналған мемлекеттік бюджеттің тең жартысы әлеуметтік саланы қаржыландыруға жұмсалатыны айтылды. Депутаттар халықты ауызсумен қамтамасыз ету, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорттық нысандар салуға шығын көлемін арттыруды ұсынды. Әсіресе, орта мектептерді ашу қажеттілігіне баса назар аударылды. Халық қалаулылары Үкіметтен өңірлерге бөлінетін мақсатты трансферттерді қатаң бақылауды талап етті. Айта кетейік, қаралған құжатта партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі көрсеткіштері өз көрінісін тапты. Бүгінгі жиын қорытындысы бойынша Үкімет атына фракцияның ұсыныстары қамтылған қаулы қабылданды.

Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

– «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының түпкілікті мақсаты – ел азаматының игілігі, халықтың ахуалын жақсарту. Сайлауалды бағдарламаның негізгі міндеттемелерінің орындалуы, оның қаржылық қамтамасыз етілуі фракцияның әрдайым назарында. Депутаттар тарапынан келесі 3 жылдық бюджеттің жобасына да бірқатар ұсыныс енгізілді. 

Татьяна Савельева, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:

– 2026 жылға қарай мектеп оқушыларының саны 45 пайызға артады. Қазір бала саны 2 миллион болса, болашақта олардың саны 4 миллионға жетеді. Шәкірттерді сапалы біліммен қамтамасыз ету үшін алдағы 8 жылда 4 мың мектеп салу қажет. Әр нысанға шамамен 1 миллиард теңге жұмсалар болса, онда бюджеттен 4 триллион теңге бөлу керек.