ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Павлодарда жарамсыз газгольдерлердің орнына бизнес нысандары бой көтереді

Павлодарда жарамсыз газгольдерлердің орнына бизнес нысандары бой көтереді

Павлодарда керексіз қалған  200-ге жуық газгольдердің орны босатылады. Бұл іс жыл соңына дейін аяқталмақ. Ал босаған жер бизнес өкілдеріне беріледі. 

Нәтижесінде әлеуметтік дүкендер, білім орталықтары, сұлулық салондары сияқты нысандар бой көтереді. Бұл өз кезегінде облыс орталығында кәсіпкерлер үшін жер тапшылығы мәселесін де шешуге сеп болмақ.

Ақмарал Есімханова, тілші:

-Кеңес дәуірінде Павлодар қаласының аулаларында осындай 178 газ таратқыш құралы орнатылған. Алайда тоқсаныншы жылдардың басында газ тарату бойынша мәселелер туындағандықтан, бұл жерлер қараусыз қалды. Бұл мәселе биылғы жылы шешімін табады деп күтілуде. Алдағы уақытта жер учаскелері жеке кәсіпкерлердің иелігіне берілмек. 

Ғалым Нұрғалиев серіктесімен бірге болашақ дүкендерінің нобайын сызып жатыр. 32 жастағы кәсіпкер ауылшаруашылық өнімдері саудаланатын шағын маркеттер желісін ашпақшы. Оған жаңашыл жоба жол ашпақ.

Ғалым Нұрғалиев, кәсіпкер:

-Шыны керек, қаланың ішінде дүкен немесе өзге де ғимарат салу үшін бос орын жоқ. Бұл жобаның көмегімен жер сатып алып, өрісімізді кеңейтпекпіз. Тұрғындар үшін ет және сүт өнімдерін тасымалдап, қолжетімді бағамен саудалағымыз келеді. 

Осындай газгольдерлер облыс орталығындағы бес қабатты баспаналардың аулаларында орнатылған. Кезінде қолданыста болған, ал бүгінде қажетсіз. Бұл жерде енді халыққа қажет нысандар бой көтереді. Бүгінде жер учаскелеріне өтініш бергендер 55-ке жеткен. 

Рүстем Атрауов, «Павлодар» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары:

-Бүгінгі уақытқа дейін 47 осындай газгольдер демонтаждалып істелінді.  Орындары қайтадан көміліп, тегістеліп қалды. Олардың бәрін әлде жөндеп сатамыз тендер ретінде, аукцион ретінде. Әлде металлолом ретінде пайдаға алып қаламыз. 

Жобаларды іріктеу кезінде әлеуметтік бағыттағы бизнес идеяларға басымдық берілмек. Бір газгольдер алып жатқан жер көлемі 25 шаршы метрден 250 шаршы метрге дейін жетеді.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков