ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Қазақ-қырғыз шекарасындағы бақылау заңсыз әрекеттерге тосқауыл қоюды көздейді

Қазақ-қырғыз шекарасындағы бақылау заңсыз әрекеттерге тосқауыл қоюды көздейді

Жалпы осы күндері мемлекеттік шекараның барлық периметрі бойынша арнайы операция жүріп жатқаны белгілі. Сол шара аясында қазақ-қырғыз шекарасында да 10 қазаннан бері ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау күшейтілген.

Ұлан Нарынбек, тілші:

-Кеше шекаралық режимді бұзған төрт адам ұсталды. Оның үшеуі Өзбекстан, ал біреуі Қырғызстан азаматы екен. Олар енді айыппұл төлейтін болады. Тағы сегіз адам көші-қон заңнамасын сақтамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. 

Олардың ішінде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресей азаматы бар. Қазақ-қырғыз шекарасының учаскесінде 4 өткізу пункті бар. Олар Қордай, Қарасу, Ауқатты және Сортөбе бекеттері. Айта кететін жәйт, Ауқатты мен Сортөбе бекеттерінде кезек тіпті аз. Бірақ жоспарлы шекаралық операцияға байланысты 4 бекетте де көлік құралдары, жүктер мен тауарлар мұқият тексеріліп жатыр.

Ержан Ертуғанов, «Қордай» шекара бақылау бөлімінің бастығы: 

-Мақсаты - заңсыз іс-әрекеттерді болдырмау. Наркотикалық, радиоактивті, қару-жарақ өтпеуге жол бермеу – біздің мақсатымыз.

Оныншы қазаннан бастап, Қазақстан-Қырғызстан шекарасында ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау күшейтілген. Қазіргі кезде алты ветеринарлық бекетте 32 инспектор жұмыс істеп жатыр. Мамандардың айтуынша, Қырғызстанның тауар тасымалдаушылары барлық кезде заң талаптарын сақтай бермейді. 

Бейсен Сатышев, мемлекеттік ветеринарлық инспектор:  

-2-3 күннің ішінде ірі, ірі көлемді фактілер анықталды. Қарасу бекетінен «Риха» фирмасыының шұжықтары ұсталып, ірі көлемде 226 мың теңге айыппұл салынып, Қырғызстан аумағына кері қайтарылды. Олардың құжаттары дұрыс толтырылмаған. Түнде Қордай бекетінде түнгі сағат 12-лерде Ресейден келе жатқан екі жылқы, құжаттарына қарасақ, Алматыға, Қазақстанға бағытталған. Бірақ мүмкіндікті пайдаланып, Қырғызстанға өтіп кетпек жерінен ұсталды. Оларға айыппұл салынып, кері қайтарылды. 

Бақылау күшейтілгенімен, шекарадан өтуге ешқандай тыйым салынған жоқ. Қырғызстандағы президенттік сайлау кезінде шекарадан өткен адамдар мен көлік құралдарының саны азайған болатын. Ал кешелі бері адамдардың саны көбейіп, бұрынғы көрсеткішке жақындай бастады.