ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

«Хабар» арнасында «Тікелей эфир» ток-шоуының тұсауы кесілді

«Хабар» арнасында «Тікелей эфир» ток-шоуының тұсауы кесілді

«Хабар» телеарнасы ұсынады! Еліміздің басты арнасында тағы бір үлкен жобаның тұсауы кесілді. Қазіргі отандық телевизияда ток-шоуды тізгіндейтін ең танымал қазақтілді жүргізуші Ләйлә Сұлтанқызының «Тікелей эфир» бағдарламасы көрерменге жол тартты. Эфирге аптасына 4 рет шығатын бағдарламаның айтары көп.

Соңғы дайындықтар. Алда бір сағат тікелей эфир. Бұл жүргізушінің де, режиссер мен оператордың да жұмысы сыналар сәт. Тікелей эфирде ток-шоуды тізгіндеу үшін бір тәжірибенің көмегі аз, көрерменді көгілдір экран арқылы баурайтын ерекше қасиетің болуы шарт. Телевизияда «эфирдің адамы» деген термин бар. Ләйлә Сұлтанқызы сол адам. 3 ай үзілістен соң тікелей эфирге қайта оралды. Бұл жолы бәрі басқаша. 

Ләйлә Сұлтанқызы, тележүргізуші: 

-Өзім үшін бұл өте үлкен сынақ. Уайымдап жүрмін. Өйткені көрермендер армиясы бұл хабарды асыға күтіп отыр ма екен, хабарды көрер ме екен, әр хабарда көрерменді таңқалдыру үшін не істей аламыз, қалай ізденеміз, қайдан ол ақпаратты табамыз деген сияқты дүние қазір бізді көбірек мазалайды. Бұл мен үшін де, арна үшін де, көрермен үшін де тосынсый болғалы отыр. 

Бағдарламаның атауы айтып тұрғандай ол тікелей эфирде жүреді. Ұзақтығы – 1 сағат. Жиілігі – аптасына 4 рет. Жанры: әлеуметтік ток-шоу. Бүгінгі тақырыбы «Жыл тойлары». Кейіпкерлер кешікпей келді. Себебі тікелей эфирде қазақшылыққа салынуға болмайды. 

Айдос Тұрысбек, «Хабар» Агенттігі» АҚ Бас продюсері:

-Бір ерекшелігі бағдарлама тікелей эфирде шығады. Яғни, көрерменмен байланыс орнату әлдеқайда тиімдірек. Кез келген көрермен байланысқа шығып, өзінің үнін қоса алады, бағдарламаның сәтті шығуына. Елді елең еткізген, қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан тақырыптарды эфирде талқылау. 

«Хабар» Агенттігі биылғы 22 маусымға үлкен дайындықпен келіп отыр. Арна басшылары тұсауы кесілген «Тікелей эфир» де талғамы зор көрерменнің көңілінен шығады деген сенімде. Ендеше арнадан алыстамаңыз. 

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Абдолла Исаев