ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

«Ырғыз-Торғай» табиғи резерватында экотуризм дамытылады

«Ырғыз-Торғай» табиғи резерватында экотуризм дамытылады

«Ырғыз-Торғай» табиғи резерватына 10 жыл толды. Бетпақдала киіктерін қорғауға құрылған қорық бүгінде жоспарлы жұмыстарын сәтті жүзеге асырып келеді. Ақбөкендер саны бірнеше есеге артып, иен далада еркін жайылуға көшкен. Қазір резерват қызметкерлері өңірдің экотуризмін дамытуға көңіл бөлуде.

Мемлекет қорғауына алынған киіктердің осы он жыл ішінде көбейгендігі айқын. Мәселен 2007 жылы киелі жануарлардың саны бұл өңірде 22 мыңнан аспаса, 2015 жылы 216 мың басқа жеткен. Бірақ сол жылы індеттен жаппай қырылып, қайтадан күрт азайды. Биылғы санақ 51 мың 700 бас бөкеннің бар екендігін анықтады.

Мамандар «түз тағысы мен жыртқыш құстардан бөлек қару асынған қаскүнемдер иен даланы қан қақсатып кетеді» дейді. Сондықтан киіктерді қорғайтын 5-6 мобильді топ тәулік бойы жайылымдарды аралап, үздіксіз бақылап отырады. 

Ұлан Мамырбаев, «Ырғыз-Торғай» табиғи резерватының директоры:

-Браконьерлер киіктердің етімен отбасын асырау үшін емес, мүйізін сатып, пайда табу үшін атады. Олардың көліктері жүрдек, қарулары да соңғы үлгіден болып тұр. «Джи-Пи-Эс» құрылғылар, спутниктік телефондары да бар. Мұздай қаруланған қылмыскерлерден киіктер қашып құтыла алмайды. Біздің қолға түссе, міндетті түрде хаттама толтырып, құқық қорғаушыларға тапсырамыз. Биылдың өзінде 48 әкімшілік хаттама толтырылып, 2 қылмыстық іс қозғалды.

Ақтөбе облысынан бөлек Қостанай, Қарағанды мен Қызылорда облыстары аумағының 1 млн 173 мың 511 гектары табиғи резерватқа тиесілі. Бірақ қорықты паналайтын Қызыл кітапқа енген құстардың басым бөлігі Ырғыз ауданы маңында. Аққу, қоқиқаз, дуадақ, безгелдек пен бірқазандарды топ тобымен кездестіруге болады. Резерват мамандары табиғи сұлулықты сақтай отырып, экотуризмді дамыту керек дейді. Бұл өңірдің байлығын паш етумен қатар қосымша табыс көзіне айналады.

Мансұр Есқожин, тілші:

-Сексен көлдің бойына жергілікті шенеуніктер арнайы туристік бағыт даярлаған. Ұзақтығы 300 шақырым. Оның ішінде көлікпен, атпен және жаяу Ырғыз өңірінің табиғатын тамашалауға мүмкіндік бар. Маусым мен қараша айының аралығында туристер дәл осындай шатырлы қалашықта өмір сүреді.

Резерват мамандары туристерге бірнеше күн ашық аспан астында өмір сүруге кеңес береді. Ұялы байланыстан алыстап, жылы-жұмсақ төсектен бас тарту табиғатты етене түсініп, ерекше бостандықты сезінуге мүмкіндік береді. Әзірге мұндай демалысқа жаппай келген тек өңірдің оқушылары ғана.

Нұрлан Қызбергенов, Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары:

-Биылғы жылдың өзінде біздің облыстың басқа аудандарынан 220-ның үстінде оқушы туристік сапармен келіп, осы аудан территориясында орналасқан 88 көл бар, келген уақыттарына байланысты үлгергенінше осы туристік сапарларда болып, ондағы табиғатпен танысып кетті. 

Оқушылардан бөлек сырттан келетін қонақтарды қарсы алуға да Ырғыз ауданы сақадай сай дайын. Ауыл іргесінен өтіп жатқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі де қызмет көрсету саласын дамытуға мүмкіндік берді. Сондықтан болашақта облыстағы экотуризм орталығы аталуы тиіс. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Гүлмира Досмұратова, Айбек Даутов