ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Ғасыр бұрынғы қолжазбалар кітап болып жарыққа шықты

Ғасыр бұрынғы қолжазбалар кітап болып жарыққа шықты

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында осыдан бір ғасыр бұрын жазылған қолжазбалар табылып, ол жинақ болып басылып шықты.

Қадымша жазылған көне жазбаларды Айдаржан Хасенов аударған. Бұл құнды деректерді осы күнге дейін Қалижан Жандығұлұлының ұрпақтары сақтап келіпті. Жаңа жинақ «Аманат» деп аталады. Мұнда 19-шы ғасырдың басында өмір сүрген Арқаның ақыны Нұржан Шоңұлының, Жақып Ақбаевтың адъютанты болған Қоқым Алшымбекұлының, арабша оқып, әл-Фараби еңбектерін қазақ тіліне аударуға еңбек сіңірген Қажыбай Мәндібайұлының, діни сауатты, аймаққа танымал ақын болған Дүйсен Маңайұлының және оқымысты болған Қалижан Жандығұлұлының өлеңдері, естеліктері енген. 

Шығармаларды оқи отырып, сол дәуірде қазақ қоғамында болған жағдаяттарды, діни-әлеуметтік ахуалды сараптауға болады. «Бұл кітап қазақ әдебиетінің тарихына тың хрестоматиялық үлес қосып отыр», – дейді авторлар. Жаңа кітаптың тұсаукесері Ақтоғай жерінде өтіп, бір данасы сондағы мұражайға тарту етілді.   

Серік Сағынтай, ақын, «Қасым» журналының бас редакторы:

– Рухани жаңғыру үрдісіне, соның ұстанымымен қарап тұрсақ, бізге өткен ғасырдағы мұралар қайтсе керек. Өйткені біз латын әліпбиіне көшіп жатқанда, кирилицаның өзін ысырып жатқанда, оның әр жағындағы қадым қарпі мүлдем ұмыт болып қалатыны анық қой. Оны білетін адамдар да Қазақстан бойынша саусақпен санарлық қалған. Бұның құндылығы да сонда. Екінші жағынан әдеби-хрестоматиялық жағынан 20-шы ғасырды зерттеуге, Арқа өңірін зерттеуге таптырмас құрал болады деп ойлаймын.