ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Рухани жаңғыру: Отпантауда қазақтың үш биіне ескерткіш орнатылды

Рухани жаңғыру: Отпантауда қазақтың үш биіне ескерткіш орнатылды

Маңғыстау өңіріндегі ең биік жер – Отпантау.

Теңіз деңгейінен 532 метр биікте тұр. Бұл жердің талай ғасырлық тарихы бар. Ерте заманда елге жау шапқанда ру-ру болып жайлап жатқан халықтың басын жинау үшін Отпантаудың басында Ұран отын жаққан.

2007 жылдан бастап бұл тарихи орын қазақ батырларының рухына тағзым ететін қасиетті мекенге, рухани-мәдени кешенге айналды. 10 жылдық мерейтойына орай онда үш жүздің төбе билеріне ескерткіш орнатылды.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Мынау – Маңғыстаудағы ең биік жер. Теңіз деңгейінен 532 метр биікте жатыр. Жоғарыға шығу үшін бұл жерге 362 баспалдақ салынған. Бұл баспалдақ Отпантауға келген әрбір адамды 362 әулиенің рухы қолдап жүрсін деген тілекпен салынған.

Отпантаудың атауы отпен тікелей байланысты. Себебі 3,5 мың жыл бұрын дәл осы жерде отқа табынушылардың үлкен ғибадатханасы болған деседі. Кейіннен жаугершілік заманда қазақ батырларының ұрысқа аттанар орнына айналады. Елге жау шапқанда белгі ретінде Ұран оты жағылған. Отпантаудың басынан жаққан алау сонау Үстірттің үстінен көрінген екен. Отты көрген ел батырлары ел мен жерді қорғау үшін атқа қонған.

Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:

- Ұран оты бүгінгі мына Қазақ елінің, Қазақстанның қасиетті жерінің, елдігінің сақталуына тікелей әсерін тигізді. Ұран отының арқасында бүкіл елдің рухы көтерілді. Ұран отының арқасында елімізді, жерімізді сақтай білдік. Елімізді қорғай білдік. Бірін-бірі қолдаған, көтерген терең тарихы, рухы бар халықтың ғана болашақта тәуелсіздіктің туы да желбірейді. Бүкіл елге де әйгілі болады. Міне, Тәуелсіз Қазақстан осыған жетті.

Бүгінде Отпантау қазақ батырларының рухына тағзым етер қасиетті орынға айналған. 2007 жылы мұнда тарихи-мәдени кешен ашылып, түрлі ғимарат бой көтерді. Он жылда «Адай ата» кесенесі, Ақсақалдар ордасы, Көкбөрі ескерткіші, Ұран оты мен Батырлар алаңы және «Қарашаңырақ» ғимараты пайдалануға берілді.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Мына «Қарашаңырақ» ғимараты киіз үй үлгісінде салынған. Мұндағы шаңыраққа дейінгі биіктік 15 метрді құрайды. Ал ғимараттың дәл ортасына Түркістандағы Тайқазанның үлгісінде жасалған қазан орнатылған. Түрлі металдан жасалған бұл қазанның биіктігі – 2 метр.

Кешенде қысы-жазы адам аяғы үзілмейді. Саяхаттаушылар тау етегінде орналасқан музейде Отпантаудың тарихынан сыр шертетін қызықты деректермен таныса алады.

Ақкүміс Саудабаева, Жыңғылды ауылдық орта мектебінің директоры:

- Балаларымыз көптеген мағлұмат алды. Өзіміздің Адай атамыздың, руларымыздың орналасқан жерін, олардың бас қосқан қасиетті мекенін, от жаққан орнын көріп, өздерінің рухани жаңғыруын жасады. Тарихты білмей, біздің балаларымыз болашаққа қадам баса алмайды.

«Отпан» тарихи кешені 10 жылдық мерейтойында тағы бір құнды нысанмен толықты. «Үш жүздің төбе билері» атты монумент кешені ашылды. Бұл – қазақтың үш биіне қалада емес, сайын даланың төсіне орнатылған бірден бір ескерткіш.

Сабыр Адай, «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің авторы:

- Біздің мақсатымыз – ел, халық болып, бұқара халықтың өзін жұмылдыру арқылы ұлттық сананы ояту. Ұлтты өзінің халықтық дәстүрімен, салт-санасымен қайта табыстыру. Сол салт-сананың, ұлттық дәстүрдің, қағидалардың аясында қазақтың бойындағы ар-намысты ояту арқылы оның туыстығын баянды ету. Туыстық арқылы біз ашса – алақан, жұмса – жұдырық, болашаққа бірге аяқ басу. Бізден кейінгі ұрпаққа ұлан-ғайыр даланың бізге дейінгі тарихын және бізден кейінгі баянын дәріптеу, оның кемел келбетін рухани тұрғыдан жүректерге сіңіру.

Отпантау бүгінде халықтың Көрісу күні, әз Наурыз мерекелері сияқты рухани-мәдени жиындарды тойлайтын орталыққа айналып келеді. Жуырда кешенді дамытудың бас жоспары жасалды. Тау етегінде Алаш батырларының ескерткіші мен «Өнер» ауылы бой түземек.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев