ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Қазақстанда бүйрек донорына зәру 3 500 адам гемодиализдің көмегімен өмір сүріп жатыр

Қазақстанда бүйрек донорына зәру 3 500 адам гемодиализдің көмегімен өмір сүріп жатыр

Үш жылдан бері төсек тартып, гемодиализдің көмегімен өмір сүріп келген Жәмилаға Абзал есімді азамат қол ұшын созды.

Осы уақытқа дейін донор таба алмай келген қызға бейтаныс жігіт бір бүйрегін сыйлаған.

Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Жәмила Байсерікова қазір екінші демін алып, оның өмірге деген үміт оты қайта жанды. Өзін жақсы сезінеді. Ептеп аяғын басып, аурухана ішінде жүруіне болады.

Равиль Ибрагимов, А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бөлім басшысы:

- Операция сәтті өтті. Бүйрек трансплантациясы жасалғаннан кейін 7-8 күнде сырқаттың жағдайы қалыпқа түсті. Донор да бізге келіп, тексеріліп жүр. Келесі аптада Жәмиланы үйіне шығарамыз.

25 жастағы арудың 2014 жылы екі бүйрегі де сыр берген. Көз алдында солып бара жатқан қызына көмек сұрап анасы Құрманкүл Құлмұрзаеваның бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Жақындарының ешқайсысының бүйрегі сәйкес келмегендіктен, Жәмила үш жыл бойы гемодиализдің көмегімен өмір сүрген.

Құрманкүл Құлмұрзаева, Жәмила Байсерікованың анасы:

- Қызымды алып келдім. «Бірінші топтағы мүгедек. Қызыңызды гемодиализге қоспаса, айырылып қаламыз», – деді. Екі бүйрегі бірден істемей қалды. Сонымен қызым 22 жасында мүгедек болып қалды. Өмірі емханаға жатып көрмеген еді.

Батысқазақстандық Абзал Әділов Жәмиланың шарасыз күйі туралы  телеарналардың бірінен көріп қалып, көмек қолын созуға шешім қабылдапты. Жігіттің қаны да сәйкес келген. Содан кейін Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығының мамандары науқас пен донорды толық тексеріп, алдын ала қажетті емін жасап, қазанның 20-сында операция жасайды. Қазір Абзалдың да, Жәмиланың да денсаулығы жақсы.

Абзал Әділов, донор:

- Теледидардан көргенде жүрегім ауырды. Менің де қызым өсіп келе жатыр. Барлығы жақсы, сәтті болсын, қиыншылық көрмей өссін деп осындай қадамға бардым. Қаражат жағынан көмектеспесем де, бір қыз баланың өмірін аман алып қалайын дедім.

«Абзалдың кеңпейіл көңілі мен мейірімділігіне басымды иемін», – дейді Жәмиланың анасы. Өйткені танымайтын бейтаныс жан үшін бір бүйрегін бөліп беретіндер аз. Донорлардың көбі науқастың туған-туыстары, жақындары болып келеді.

Құрманкүл Құлмұрзаева, Жәмила Байсерікованың анасы:

- Халықтың алдында Абзалға басымды июге дайынмын. Ата-анасына рақмет! Мұндай мейірімді жанды дүниеге әкелген анасына рақмет! Мұндай іс екінің бірінің қолынан келмейді.

Жәмиланың анасы Ұлттық хирургиялық орталықтың мамандарына да ризашылығын білдірді. «Кәсіби білікті мамандар қызыма дәрігерлік көмегімен қатар рухани қолдау жасап, Жәмиланы жігерлендіріп отырды», – дейді ол.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығында 1979 жылы алғаш рет бүйрек трансплантациясы жасалған. Содан бері мұндай операция түрі ұдайы жүріп келеді. Айта кетсек, өткен жылы республика бойынша 250 бүйрек ауыстыру операциясы жасалыпты. Мұның барлығы дерлік Абзал сынды жүрегі мейірімге толы донорлардың арқасында.

Біздің мамандар 2012 мен 2016 жылдар аралығында бүйрек ауыстыру бойынша 823 операция жасаған екен. Қазір трансплантациялауға 2 778 ересек адам мен 52 бала кезекте тұр екен. Ал Ұлттық хирургиялық орталықта аптасына 3 бүйрек ауыстыру операциясы жасалады. Барлығы сәтті өтіп жатыр. Алайда барлық науқасқа туысқандық донор бұйыра бермейді. Дәрігерлер: «Донор жетіспеушілігін қаза болғандар арқылы толықтыруға болар еді», – дейді. Алайда отандастарымыздың көбі мәйіттің мүшесін өзге біреуге беруге қарсы. Қазір бүйрек донорына зәру 3 500 отандасымыз гемодиализдің көмегімен өмір сүріп жатыр.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов