×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 144

Қоғам

Жетісу тұрғындары көмір таба алмай әлекке түсті

Жетісу тұрғындары көмір таба алмай әлекке түсті

Алматы облысында көмір тапшылығы көпшіліктің көкейкесті мәселесіне айналды.

Көмір алу үшін алыстағы ауыл тұрғындары облыс орталығына сабылуда. Барғанның өзінде отынды табу қиын. Табылғаны қымбат әрі тасымалы да қалтаны қағады.

Қазір көмір тарату қоймасының жанынан автокеруендер кезегі тарқамайды. «Бұлар көмірдің келуін аңдып тұрып, көліктеріне артып алады. Сосын отынның бағасын көтеріп, тасымалдың құнын көбейтеді», – дейді тұрғындар. Мәселен, бұрын Талдықорған қаласындағы тасымал бағасы жолдың ұзақтығына қарай 2-3 мың теңгенің шамасында болса, қазір 10 мың теңгеге жеткен. Ал 50-60 шақырым жердегі елді мекен тұрғындары 15-20 мың теңге төлейді. Көмірдің 1 тоннасы 12-15 мың теңге аралығында. Бірақ жұрт оның табылғанына қуанады. Мына азаматтар Талдықорғанға осы маңайдағы Ескелді, Көксу аудандарынан келіпті.

Айдын Қарасаев, Шұбар ауылының тұрғыны:
- Менде көлік жоқ. Көлік жалдап алып келемін. 3-4 күн бұрын келгенмін. Көлік бекер тұрды. Мен оған 5-10 мың бердім, тамағына бердім. Соның өзінде көмір жоқ. Бала-шаға үйде отыр. Екі кішкентай қызым бар.

Қасым Қожабеков, Алғабас ауылының тұрғыны:
- Көмір жоқ. Елдің бәрі тоңып жатыр. Өзімде көлік бар. Соның өзінде ала алмаймын. Анда барамын, мұнда барамын. Жоқ.

Облыста көмір сататын 91 орын бар екен. Өңір тұрғындарының жалпы сұранысы 1,5 млн тоннаға жуық. Қазірге дейін 1,2 млн тоннадан астам көмір алынған. Бірақ көмірге жете алмай отырғандар азаяр емес. Кейбір ауылдардан 70% отбасы оны әлі күнге дейін алмаған. Оның үстіне бағаны мың құбылтатын арадағы делдалдар да аяққа тұсау болуда.

Әсет Қанағатов, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
- Жергілікті атқарушы органдар қолдан көтерудің алдын алу бойынша шаралар ұйымдастырды. Жергілікті полиция мен Талдықорғанның, әрбір ауданның әкімдігіне тапсырма берілді. Осы 2 аптаның ішінде көмірдің мәселесі шешіледі деп ойластырып отырмыз.

Қазір Талдықорғанға күнделікті келіп жатқан көмір тіптен аз болып тұр. Сондықтан күн сайын 30-35 вагон жеткізуге әрекет жасалып жатқанға ұқсайды. Қалай десек те ырғалып-жырғалуды уақыт көтермейді. Алда аязды күндер тұр деп алаңдайды тұрғындар.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев