ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Павлодар облысында киіктерді қорғау жұмысы күшейтілді

Павлодар облысында киіктерді қорғау жұмысы күшейтілді

«Қызыл кітапқа» енген жезкиіктердің екі мыңнан астамы Ертіс өңірін мекендейді.

Жануарларды қорғау жұмысы күшейтілген соңғы бірнеше жылдың ішінде Май және Баянауыл аудандарының жазық даласында жайылған киіктер көбейген.
Ал арқарлардың қатары мыңға жуықтаған. Бірақ браконьерлерден келетін қауіп әлі сейілмей тұр.

Бұл – Баянауыл және Май аудандарының шекарасында орналасқан Қуыстам қыстағы. Облыс орталығынан 150 шақырымдық жер. Осы жерде киіктер мен арқарларды қорғау мақсатында арнайы бөлімше ашылды.
Мамандар күн, түн демей айналадағы 50-60 шақырымдық жерде жүретін дала серкелерінің әр қадамын бағады.

Жылдың осы мезгілінде сайын даланы тұман басады. Ауа райының қолайсыздығынан киіктер адасып кетуі мүмкін. Осы сәтті тиімді пайдаланғысы келетін браконьерлер киіктерге аңшылыққа шығады екен.
Қазіргі таңда Павлодар аймағында екі жарым мыңнан астам киік пен мыңға жуық арқар бар. Десе де браконьерлердің кереғар ісі тыйылар емес. Елімізде жыл басынан бері 46 дерек тіркелген. Мамандардың айтуынша, оларға аңдардың етінен гөрі мүйізі қымбат.

Серік Апсаликов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының инспекторы:
- Көрінген адам аңшы болмайды. Қазіргі аңшылардың мықты-мықты көлік пен құралдары бар.

Бақылау жұмыстары қазіргі кезде, яғни киіктердің күйлеу кезеңінде күшейтіледі. Осы сәтте сезімтал жануарларға тыныштық қажет.

Манарбек Садықов, «ОХОТЗООПРОМ» ӨБ» РМҚК Павлодар облыстық филиалының инспекторы:
- Қыста ақбөкен деп аталады. Жазда киік дейді, жезкиік деп атап жатады. Соған дағдыланған жануар. Қар аз жерде жүреді. Соған қарай жақындай береді. Қар аз жаққа. Сол жақтарды біз аңдып жүреміз. Қыста жүретін көліктеріміз бар.

Бүгінде елімізде жезкиіктердің көші-қоны, олардың көбеюі спутниктік жүйе арқылы бақыланады. Еліміз бойынша 130-ға жуық ақбөкенге мойынжіп тағылған. Ертіс өңірінің киелі жануарларына да қарғыбау салынды. Арнайы рейд барысында екі ауданның шекарасындағы аумақ бақыланды. Жуырда өңірде киіктерді атып өлтірген үш браконьер ұсталған. Сондықтан осы аумаққа кірген әр көлік жіті тексеріледі.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Алексей Омельницкий