ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Ордабасы тауы ОҚО өңіріндегі ірі туристік орынға айналуы мүмкін

Ордабасы тауы ОҚО өңіріндегі ірі туристік орынға айналуы мүмкін

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ордабасы тауы халықтың рухани тынығатын, тарихпен танысып, рух жинайтын орынға айналады.

Сол үшін қазір «Ордабасы» тарихи-мәдени қорығын абаттандыру жобасы жасалып жатыр. Онда түрлі шаралар өткізетін амфитеатр, өткеннен мағлұмат беретін музей салынады.

Ордабасы – нәубет заман «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұламадан» кейін қазақ халқының еңсесін қайта тіктеп, ары қарай бірлікте болуға бәтуаласқан жер. Осында үш жүздің биі бас қосып, жоңғар шапқыншыларына қарсы қол жинауды бастайды. Бұл – қазақтың жоңғарларды талқандайтын күшінің біріккен жері. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Ордабасыда түркітілдес, көрші үш мемлекет Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстанның басшылары кездеседі. Мұнда тарихи-мәдени қорық құрылған.

Бақытжан Әшірбеков, ОҚО қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі жобалық кеңсенің жетекшісі:

– Ордабасы – қазақ елінің бірлігін насихаттайтын, еліміздің рухын көтеретін киелі орын. Сондықтан да оны қайтадан жаңғыртып, киелі орынға ту тіксек деген ойымыз бар.

Шығысында қарт Қаратау мен ақбас Алатау, оңтүстігінде дана Қазығұрт көрініп тұрған Ордабасының айналасы жазық дала. Жергілікті билік бұл жерді табиғатты тамашалап қана қоймай, рухани тынығатын орынға айналдырмақ.

Рашид Қайыпжанов, Ордабасы ауданының әкімі:

– Абаттандыру жұмыстары да сол бағытта жүргелі жатыр. Халық барғанда, тарихтан сыр шертетіндей көріністі рухани жаңғыру аясында жасаймыз.

1000 гектар аймақты алып жатқан қорықта табиғатпен үйлесіп жататын амфитеатр салынады. Ел үшін маңызы зор тарихи сәттерді еске түсіретін архитектуралық мүсіндер орнатылмақшы. Сонда Ордабасы тауы өңірдегі ірі туристік әрі рухани орынға айналады.

Авторлары: Әбдез Рахманұлы, Нұрмахан Мұсатов